Дина Исламбекова Азия чемпионатының финалына шықты
Моңғолияның Ұланбатыр қаласында өтіп жатқан бокстан 2026 жылғы Азия чемпионатында қазақстандық боксшы Дина Исламбекова финалға жолдама алды.
80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсететін отандасымыз жартылай финалда өзбекстандық боксшы Олтиной Сотимбоевамен қолғап түйістірді.
Жекпе-жек барысында Исламбекова үш раунд бойы белсенділік танытып, қашықтықты қысқарта отырып шабуылға жиі шықты. Бірінші раундта қарсыласынан бой жағынан ұтылса да, жылдам қимылы мен дәл соққыларының арқасында басымдық көрсетті. Төрешілер бұл раундты 3:2 есебімен қазақстандық спортшының пайдасына шешті.
Екінші раундта Дина қарқынын одан әрі күшейтіп, ауыр соққыларымен қарсыласын қысымға алды. Сотимбоева клинч арқылы тоқтатуға тырысқанымен, нәтиже шығара алмады. Бұл кезеңде төрешілер бірауыздан (5:0) Исламбекованы алға шығарды.
Қорытынды раундта өзбекстандық боксшыға тек нокаут қажет болды. Алайда Дина сенімді өнер көрсетіп, жекпе-жекті толық бақылауда ұстады. Нәтижесінде төрешілердің бірауызды шешімімен (5:0) жеңіске жетіп, финалға өтті.
Айта кетейік, Дина Исламбекова – 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Ал оның қарсыласы бұған дейін әлем біріншілігінде ширек финалға дейін жетіп, бірнеше халықаралық турнирде топ жарған.
Енді қазақстандық боксшы чемпионаттың алтын жүлдесі үшін шешуші жекпе-жекке шығады.
Фото: Қазақстан бокс федерациясы
Ең көп оқылған