Британдық сарапшы Оразбек Асылқұловтың әлем чемпионатындағы финалын жоғары бағалады
Британдық бокс сарапшысы Мэтт Робинсон IBA нұсқасы бойынша Дубайда өткен әлем чемпионатының финалында қазақстандық боксшы Оразбек Асылқұловтың көрсеткен өнеріне жоғары баға берді.
Сарапшының айтуынша, 57 келі салмақ дәрежесіндегі финал турнирдегі ең сапалы әрі тартымды жекпе-жектердің бірі болған.
«Жеңіл салмақтағы финал маған қатты ұнады. Бір жағынан, Асылқұловтың қатысқаны үшін, бірақ ең бастысы – бұл жекпе-жек басынан аяғына дейін жоғары деңгейде өтті. Нағыз сапалы әрі көрерменге ләззат сыйлайтын айқас болды», – деп жазды Робинсон.
Оның пікірінше, Асылқұлов – Қазақстан құрамасындағы техникалық шеберлігі жоғары боксшылардың бірі.
«Мен үшін Асылқұлов – Қазақстан құрамасындағы ең техникті боксшы. Бұрын салмақ мәселесі сұрақ тудырып келген, алайда 57 келіде өнер көрсетуі оның қарсыласынан кем түспей, қаншалықты тиімді әрекет ете алатынын көрсетті», – дейді ол.
Британдық маман қазақстандық боксшының жекпе-жек барысында тек әдеттегі мықты қырларына сүйеніп қана қоймай, ашық алмасуларға да жиі барғанын атап өтті.
«Ол күткенімнен де көп соққы алмасты, бірақ соған қарамастан эпизодтардың басым бөлігінде қарсыласынан алда болды. Айырмашылық сапада еді: жылдам комбинациялар, ең бастысы – корпусқа тұрақты соққылар. Солақай тұрыстан бұрыштарды шебер тауып, қарсыласын шаршатты. Бұл тек ұпайға ғана емес, жалпы жекпе-жектің барысына әсер етті», – деп түйіндеді Робинсон.
Сарапшы қарсыласы Хусравхон Рахимовтың да сәтті сәттері болғанын мойындап, алайда шешуші кезеңде Асылқұловтың деңгейі анық байқалғанын айтты.
«Бұл – керемет финал және кештің ең үздік боксшысына лайықты алтын медаль», – деп қорытындылады британдық сарапшы.
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған