Ливерпульде бокстан өткен алғашқы World Boxing әлем чемпионаты аяқталып, Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары тарихи жетістікке қол жеткізді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Жарыс соңында қос мемлекеттің бас бапкерлері – Қазақстан құрамасының тізгінін ұстаған Қайрат Сатжанов пен Өзбекстан командасының жаттықтырушысы Толқын Киличев бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, достық ниеттерін жеткізді. Желіде тараған бейнежазбада бапкерлер бірін-бірі жоғары нәтиже үшін құттықтап, алдағы жарыстарға сәттілік тіледі.
«Құрметті жанкүйерлер, бізді жеңіспен құттықтаңыздар. Өзбекстан мен Қазақстан – бауырлас халықтар, біз әрқашан бірге боламыз. Тіпті үлкен басшыларымыз әзілдеп: “Неге Англияға келдіңдер? Үйлеріңде-ақ спарринг жасап, қалған жүлделерді өзара бөліп алсаңдар болар еді”, – деді. Екі елдің спортшылары әрдайым жоғары деңгейде өнер көрсетсін», - деді ҚР ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сатжанов.
Ал Өзбекстан құрамасының бас бапкері Толқын Киличев болса екі боксшылары рингтен тыс уақытта сыйлас екенін алға тартты.
«Қазақстан мен Өзбекстан — рингте қарсылас, ал рингтен тыс — бір-бірін құрметтейтін бауыр елдер. Алла қаласа, Олимпиадада да жақсы нәтиже көрсетеміз. Баршаңызға денсаулық, сәттілік тілеймін», - деді Толқын Киличев.
Қазақстан құрамасы World Boxing ұйымы өткізген алғашқы әлем чемпионатын аса сәтті аяқтады. Жерлестеріміз 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте топ жарды.
Өзбекстан құрамасы да жоғары нәтиже көрсетті — 6 алтын, 2 күміс және 3 қола медальмен екінші орынды иеленді.
Қазақстан мен Өзбекстан — қазіргі таңда әуесқой бокстағы ең мықты бәсекелестердің қатарында. Әсіресе, Париж-2024 Олимпиадасынан кейін (Қазақстан – 1 күміс, Өзбекстан – 5 алтын), жанкүйерлер әр жарыстағы нәтижелерді салыстыра қарап келеді. Бұл екі ел арасындағы бәсеке – спорттағы бәсеке ғана емес, өзара құрмет пен ынтымақтың да көрінісі.
Фото: туризм және спорт министрлігі