Бокстан Қазақстан чемпионатынан босатылған боксшылар есімі белгілі болды

Астанада Ливерпульде өткен әлем чемпионатынан оралған жеңімпаздарды қарсы алу рәсімінде ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов бірқатар маңызды мәселелерге тоқталды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Бапкердің айтуынша, 5-22 қараша күндері Үндістанда өтетін әлем кубогының финалдық кезеңіне ұлттық құраманың негізгі көшбасшылары қатыспайды. Үндістанда өтетін додада 2-3 нөмірлі боксшылардың өнер көрсетуі жоспарланып отыр.
Қазақстан чемпионатынан кімдер босатылады?
Қазан айында өтетін ел чемпионатынан тек Ливерпульде топ жарған төрт боксшы — Санжар Тәшкенбай (50 келі), Махмұд Сабырхан (55 келі), Төрехан Сабырхан (70 келі) және Айбек Оралбай (+90 келі) ғана босатылады. Қалған құрам мүшелері ұлттық біріншілікке қатысуға міндетті.
Қайрат Сәтжановтың айтуынша, Қазақстан чемпионатының мерзімі сәл кейінге шегеріледі. Бұған себеп — бірқатар жылдан кейін қайта жаңғырған Қазақстан Конфедерациясы жарысы мен ел чемпионатының арасының тым жақын орналасуы. Дегенмен, ұлттық біріншілік міндетті түрде қазан айында ұйымдастырылады.
Бас бапкер Қазақстан ерлер құрамасының үшінші мәрте 4 алтын медаль жеңіп алуын оң нәтиже деп бағалады. Алайда Өзбекстан құрамасынан кеткен есе толығымен қайтарылмады деген пікірде.
"Менің ойымша, 80 келідегі Нұрбек Оралбай жеңіске жетуі тиіс еді. Бірақ өкінішке қарай, бұл нәтиже орындалмады. Дегенмен кейбір салмақтарда қазақ боксшыларының үстемдігі айқын болды", — деді Қайрат Сәтжанов.
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Ең көп оқылған
