Мәзір
Бокс

Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы Азиадаға қандай құраммен барады?

Сабина Асқарқызы 180 қаралым
Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы Азиадаға қандай құраммен барады?

Қазақстан әйелдер бокс құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин 2026 жылға арналған дайындық жоспарын жариялады.

Оның айтуынша, басты мақсат – Азиада-2026 жарысына тыңғылықты дайындық.

Бапкердің мәліметінше, ұлттық құрама желтоқсан айында Түркістан облысында 21 күндік оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Бұл кезеңде спортшылардың жалпы дене дайындығын жақсарту мен күш-қуатын арттыруға басымдық берілген.

«Қыркүйекте өтетін Азия ойындары – әйелдер құрамасы үшін алдағы ең маңызды старт. Сондықтан 2026 жыл бойғы барлық турнирлер мен оқу-жаттығу жиындары Азиадаға апарар дайындық кезеңдері ретінде қарастырылады», – деді Елдос Сайдалин.

Айта кетейік, Азиада-2026 Жапонияның Айчи префектурасы мен Нагоя қаласында 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді.

Жаңа жылдың басында Қазақстан әйелдер құрамасы Алматы облысында кезекті оқу-жаттығу жиынын өткізуді жоспарлап отыр. Одан кейін команда Еуропада өтетін бірнеше халықаралық турнирге қатысады.

Еске сала кетейік, әйелдер құрамасының соңғы ірі жарысы – қыркүйек айында Ливерпульде өткен World Boxing әлем чемпионаты. Бұл турнирде Елдос Сайдалиннің шәкірттері 3 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды.

Қазақстан әйелдер құрамасы алдағы маусымда да халықаралық аренада жоғары нәтиже көрсетуге ниетті.

Фото: бокс федерациясы

Мақаланы бөлісу
Осы тақырыпта

Ұқсас жаңалықтар