Бұрынғы әлем чемпионы, британдық бокс аңызы Рикки Хаттон Манчестердегі өз үйінен өлі күйінде табылды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Жергілікті полицияның хабарлауынша, оның қазасына қатысты күдік жоқ:
«14 қыркүйек, жексенбі күні таңғы 6:45-те Джи-Кросс ауданындағы Боулэйкр-роуд мекенжайында Хаттонның денесі табылды. Өлім күмәнді жағдай деп саналмайды», – делінген ресми хабарламада.
Рикки Хаттон екі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды.
2005 жылы ол ресейлік Костя Цзюді жеңіп, алғаш рет чемпиондық белбеуді иеленді. Бұл айқас Цзюдің мансабындағы соңғы жекпе-жек болды.
Хаттон жартылай орта салмақта IBF, WBA және IBO, ал орта салмақта WBA және IBO белбеулерін иемденді.
Кәсіпқой бокста 48 кездесу өткізіп, 45 рет жеңіске жеткен (оның 32-сі нокаутпен).
Кейінгі жылдары
«Hitman» лақап атымен танылған Хаттон 2012 жылы украиналық Вячеслав Сенченкодан жеңілгеннен кейін мансабын аяқтады. Дегенмен 10 жылдан соң, 2022 жылы, қайта рингке шығып, көрсетілімдік жекпе-жек өткізген еді. Ол кездесу тең аяқталды.
Айта кетейік, Рикки Хаттон биылғы жылдың 2 желтоқсанында Дубайда өтетін жекпе-жекке дайындалып жүрген.
Фото Getty Images