Бокстан әлем чемпионаты: Нұрбек Оралбай ширек финалға шықты

Англияның Ливерпуль қаласында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында қазақстандық боксшылар сәтті өнер көрсетіп жатыр, деп хабарлайды malimsports.kz.
Жарыстың алтыншы күніндегі күндізгі сессияда Қазақстан құрамасынан төрт спортшы шаршы алаңға шығып, бәрі жеңіске жетті. Соңғы болып 80 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Нұрбек Оралбай жұдырықтасып, ширек финалға жолдама алды.
Оралбай 1/8 финалда қытайлық Тоқтарбек Таңатханға қарсы шығып, тартысты өткен жекпе-жекте төрешілердің шешімімен басым түсті. Айта кетейік, бұған дейін қос боксшы үш рет кездескен. Оның екеуінде Нұрбек жеңіске жетсе, біреуінде қытайлық спортшы үстем түскен болатын.
Сондай-ақ бүгінгі күндізгі сессияда Алуа Балқыбекова (51 кг), Виктория Графеева (60 кг) және Махмұд Сабырхан (55 кг) өз қарсыластарын жеңіп, ширек финалға шықты.
Ал кешкі сессияда жұдырықтасатындар:
48 кг | 22:00–22:30 – Назым Қызайбай – Лила Залецкий (Мажарстан)
70 кг | 23:00–23:30 – Наталья Богданова – Сема Чалышкан (Түркия)
50 кг | 00:15–00:45 – Санжар Тәшкенбай – Хутхайха Эшиш (Иордания)
65 кг | 01:00–01:30 – Ертуған Зейнулинов – Патрис Мугалзай (Ұлыбритания)
85 кг | 01:30–02:00 – Бекзат Нұрдәулетов – Георгий Кушиташвили (Грузия)
Фото: ҰОК

Ең көп оқылған
