Боксшы Энтони Джошуа америкалық блогерді нокаутқа түсірді
20 желтоқсанға қараған түні АҚШ-тың Майами қаласында өткен ірі кәсіпқой бокс кешінде бұрынғы ауыр салмақтағы әлем чемпионы Энтони Джошуа америкалық боксшы-блогер Джейк Полды нокаутпен жеңді.
Жекпе-жек Майамидегі Kaseya Center аренасында өтіп, алтыншы раундта аяқталды. 36 жастағы британдық боксшы қарсыласын ауыр соққымен сұлатып түсіріп, төреші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды.
Алғашқы раундтарда Джейк Пол белсенді қимылдап, үлкен рингтің артықшылығын пайдалануға тырысты. Ол қашықтық сақтап, клинчтерге барып, қарсы шабуылдармен жауап қатты. Алайда тәжірибесі мол Энтони Джошуа жекпе-жек барысында қарқынын біртіндеп арттырып, тізгінді өз қолына алды.
Бесінші раундта Джошуа қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді. Ал алтыншы раундта шешуші соққы жасап, кездесудің нүктесін қойды. Жекпе-жектен кейін Джейк Полдың жақ сүйегі сынуы мүмкін екені айтылды.
«Меніңше, жақ сүйегім сынған сияқты», – деді Пол жекпе-жектен кейін журналистерге.
Осылайша, Энтони Джошуа кәсіпқой бокстағы 29-жеңісіне қол жеткізді. Оның есебінде 4 жеңіліс бар. Айта кетейік, ол – Лондон Олимпиадасының (2012) чемпионы.
Ал 28 жастағы Джейк Пол үшін бұл кәсіпқой бокстағы екінші жеңіліс. Бұған дейін ол 12 жекпе-жекте жеңіске жеткен. Пол соңғы рет былтыр қараша айында аңыз боксшы Майк Тайсонды төрешілер шешімімен жеңген болатын.
Бұл жекпе-жек блогердің ауыр салмақтағы нағыз элитамен бетпе-бет келген алғашқы сынағы ретінде бағаланып отыр.
Фото: GettyImages
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған