Батыр Жүкембаев өзбекстандық боксшымен жекпе-жек өткізеді
Промоутерлік All Stars Entertainment компаниясы қазақстандық боксшы Батыр Жүкембаев пен Өзбекстан өкілі Шохжахон Эргашев арасындағы жекпе-жекті ресми түрде жариялады.
Кездесу 2026 жылдың 9 мамырында Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында, Humo Arena аренасында өтеді. Бокс кешін ұйымдастыруды All Stars Entertainment компаниясы өз мойнына алған.
Кәсіпқой рингте Батыр Жүкембаевтың көрсеткіші — 24 жеңіс, 1 жеңіліс, оның 17-сі нокаутпен аяқталған. Қазақстандық боксшы соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың 5 сәуірінде Астана қаласында өткізіп, ағылшын боксшысы Кейн Гарднерді төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңген еді.
Аталған кеште 64,4 келі салмақта Жүкембаев пен Гарднер WBA Continental Gold нұсқасы бойынша бос тұрған чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасты. Нәтижесінде қазақстандық боксшы айқын басымдықпен жеңіске жетіп, кәсіби мансабындағы 25 жекпе-жектің 24-інде қарсыласынан басым түсті.
Ал Шохжахон Эргашев аймақтағы ең қауіпті нокаутшылардың бірі саналады. Оның еншісінде 26 жеңіс (23 нокаут) және 2 жеңіліс бар. Өзбек боксшысы соңғы рет 2026 жылдың 4 қаңтарында Самарқанд қаласында жұдырықтасып, үндістандық Гурприт Сингхті бірінші раундта мерзімінен бұрын жеңген.
Мамандардың пікірінше, Жүкембаев пен Эргашев арасындағы бұл текетірес 2026 жылы Орталық Азиядағы ең тартысты бокс оқиғаларының біріне айналуы мүмкін. Себебі екі боксшы да жоғары нокаут пайызымен және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы принципті бәсекемен ерекшеленеді.
Фото: Нұрғали Жұмағазы
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған