457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Бақыт Сәрсекбаев жұмысына белгісіз адамдар қысым жасап жатқанын мәлімдеді

Instagram парақшасында жариялаған жазбасында Бақыт Сәрсекбаев ешқандай қысымға немесе арандатуға бой алдырмайтынын айтып, өз жұмысына бөгет жасамауға шақырды.

Бокстан Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы, Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев әлеуметтік желіде өзіне қысым жасалып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, белгісіз адамдар жаттықтырушылық қызметіне араласып, жұмыс процесіне кедергі келтіруге тырысып жүр, деп хабарлайды malimsports.kz dalanews.kz-ке сілтеме жасап. 

Instagram парақшасында жариялаған жазбасында Бақыт Сәрсекбаев ешқандай қысымға немесе арандатуға бой алдырмайтынын айтып, өз жұмысына бөгет жасамауға шақырды.

“Сынбаймын ғой. Сындыра алмайсыңдар ғой! Ешқашан да байланыстарыңмен, телефонмен, провокациямен қорқыта алмайсыңдар! Мен жүрген жерде тек қана тәртіп, дисциплина, әділдік болады! Мен ештеңе сұраған емеспін, бар сұрарым жұмыс істеуге кедергі келтірмеңдер! Маған кедергі жасау – қазақ боксына кедергі жасау! Менің интрига, провокацияға уақытым жоқ, алдымызда жауапты бәсеке тұр! Кейбіреулерге ескерту!”, - деп жазды ол.

Dalanews.kz басылымы мән-жайды нақтылау үшін Бақыт Сәрсекбаевпен байланысқа шыққанын жазды. Боксшының сөзінше, әзірге болған оқиғаның барлық жай-жапсарын жариялауға және нақты адамдардың есімін атауға ерте болып отырған көрінеді.

“Қазір толық айта алмаймын. Бұл мәселеге қатысты федерацияға ресми түрде жүгіндім. Егер мәселе шешілмесе, кейін бәрін ашық айтамын. Әзірге есімдерін атағым келмейді”, – деді ол.

Сәрсекбаевтың айтуынша, дау жаттықтырушылық жұмысына сырттан араласу әрекеттеріне байланысты туындаған.

“Менің жаттықтырушылық жұмысыма араласып, жұмыс процесін бұзуға, ұжымдағы тұрақтылықты шайқауға әрекет жасалды. Қазір мәселе федерацияның қарауында”, – деді Бақыт Сәрсекбаев.

Фото: Ашық дереккөзден