Олимпиада чемпионы, жастар құрамасының аға бапкері Бақыт Сәрсекбаев ұлттық құрамадағы кадрлық ауыс-түйіске қатысты тараған әңгімелерге пікір білдірді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Ол жауапты қызметке тағайындалған бас бапкер Нұржан Насановқа қолдау көрсетіп, алып-қашпа сөздерге жол бермеуге шақырды.
«Ағайын, өсек сөздердің тарауына жол бермейік. Мойнына үлкен жауапкершілік артылған Нұржан бауырымыздың көңілін түсіріп, аяғынан шала бермей, қолдау білдірейік. Нұржан Насанов - өте білікті маман! Әлі талай нәтиже көрсетеріне сенемін! Бас бапкерді ауыстыру - ойыншық емес, стратегиялық қадам. Қайрекеңнің денсаулығы сыр бермесе, олимпиадаға екі жыл қалғанда ешкім ауыс-түйіс жасамайды. Ағамызға денсаулық тілейік! Ендігі жерде бокс басында жүрген азаматтарды бір-біріне қарсы қоюды тоқтатайық, өтініш!» – деді Бақыт Сәрсекбаев.
Фото: әлеуметтік желіден