Қазақстандық кәсіпқой боксшы Балауса Мұздыман (8-0, 6 KO) Алматыда кезекті жекпе-жегін өткізіп, әлем чемпионы атағына қол жеткізді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Әйелдер арасында екінші жеңіл салмақ дәрежесінде өнер көрсететін отандасымыз үндістандық Мамта Сингхпен (8-2-1, 5 KO) жұдырықтасып, Universal Boxing Organization (UBO) нұсқасы бойынша әлем чемпионы белбеуін сарапқа салды.
10 раундқа жоспарланған жекпе-жек төртінші раундта Балаусаның техникалық нокаутымен аяқталды. Осылайша қазақстандық спортшы кәсіпқой рингтегі тоғызыншы жеңісіне қол жеткізіп, UBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды.
Еске сала кетейік, Балауса Мұздыман соңғы кездесуін 5 сәуірде Астанада өткізген болатын.