Азия чемпионаты: 5 сәуірде қазақстандық боксшылардан кім өнер көрсетеді
Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында өтіп жатқан бокстан ересектер арасындағы Азия чемпионатында 5 сәуір күні қазақстандық бес боксшы шаршы алаңға шығады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Барлығы ширек финал кезеңінде өнер көрсетеді. Күндізгі сессия сағат 09:00-де басталады. 48 келі салмақ дәрежесінде Әйгерім Сәттібаева өзбекстандық, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Сабина Бобокуловаға қарсы шығады. Ал 57 келіде Ұлжан Сәрсенбек Таиланд өкілі Пунрауе Руенроспен жұдырықтасады. Айта кетейік, 2024 жылғы Азия чемпионатының жартылай финалында таиландтық спортшы жеңіске жеткен.
Күндізгі екінші сессия сағат 14:00-де жалғасады. 75 келіде Сабыржан Аққалықов жапониялық Тайга Ягимен кездеседі. 80 келі салмақта Ерасыл Жақпеков әлем чемпионы, өзбекстандық Фазлиддин Еркинбоевпен үшінші рет қолғап түйістіреді. Бұған дейін 2025 жылғы «Странджа» турнирінде Еркинбоев жеңіске жетсе, 2024 жылы Астанада өткен U22 Азия чемпионатында қазақстандық боксшы басым болған.
90 келі салмақ дәрежесінде Сағындық Тоғамбай Қытай спортшысы Хуежен Ханмен жекпе-жек өткізеді. Қос боксшы бұған дейін де кездескен: 2023 жылғы Ханчжоудағы Азия ойындарының жартылай финалында қытайлық спортшы жеңсе, 2024 жылғы Elorda Cup турнирінде Тоғамбай жеңіске жеткен.
Фото: Ашық дереккөзден
Ең көп оқылған