457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

АҚШ-та қазақстандық боксшы Мадияр Әшкеевтің үйі өртеніп кетті (ВИДЕО)

Рамазан айында ауызашарға дайындалып жатқан сәтте болған.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Мадияр Әшкеев әлеуметтік желідегі парақшасында АҚШ-тағы үйінде болған өрттің видеосын жариялады. Кадрлардан жалынның қатты болғанын, үйге едәуір зиян келгенін және оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілердің тілсіз жаумен күресіп жатқанын көруге болады.

Спортшының айтуынша, оқиға қасиетті Рамазан айында ауызашарға дайындалып жатқан сәтте болған.

«Ассалаумағалейкум, достар! Көріп тұрғандарыңыздай, үйіміз өртеніп кетті. Қасиетті Рамазан айында бұл – Алланың бізге жіберген кішкентай сынағы. Бұл үйде біз талай досты, чемпиондар мен батырларды күткен едік», - дейді боксшы.

Әшкеевтің айтуынша, шамамен сағат төрт шамасында Ержан есімді досы оларды ауызашарға шақырған. Отбасымен сыртқа шығуға дайындалып жатқанда ол үй ішінен күйіктің иісін сезген.

«Балалардан, үйдегілерден ештеңе жанып жатқан жоқ па деп сұрадым. Олар бәрі дұрыс екенін айтты. Бір кезде гаражды ашсам, үйдің жартысы отқа оранып, айналаны қара түтін басып кеткен», – дейді спортшы.

Ол бірден балаларды және үйдегілердің барлығын сыртқа алып шыққан. Алайда кейін бір баланың үйде қалып қойғанын байқайды.

«Бір сәтте бір бала жетіспейтінін аңғардым. Қарасам, Алдияр жоқ екен. Ол екінші қабатта қалып қойыпты. Айқайлап жүріп, оны да алып шықтық», – деді Әшкеев.

Боксшының айтуынша, ең бастысы – отбасы мүшелерінің барлығы аман. Дегенмен үйдің жартысы жанып кеткен. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем қызметкерлері өртті тез арада ауыздықтаған.

Қазіргі уақытта Әшкеевтің отбасы уақытша достарының үйінде тұрып жатыр. Спортшы Америкадағы достары көмектесуге дайын екенін де атап өтті.

Мадияр Әшкеев кім?

Мадияр Әшкеев — Қазақстанның танымал кәсіпқой боксшыларының бірі. Ол бірінші орта салмақта өнер көрсетеді.

Кәсіпқой рингтегі рекорды:

15 жекпе-жек

14 жеңіс

7 нокаут

1 жеңіліс

Әшкеев әр жылдары NABF Junior және NBA (National Boxing Association) нұсқалары бойынша чемпиондық белбеулерді иеленген.

Кәсіпқой мансабына дейін ол әуесқой бокста да табысты өнер көрсетті:

2014 жылғы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері

Astana Arlans клубы сапында Дүниежүзілік бокс сериясының (WSB) қола жүлдегері.

Айта кетейік, соңғы рет Әшкеев 2020 жылдың желтоқсанында шаршы алаңға шығып, америкалық Чарльз Конуэлл қарсы жекпе-жекте жеңіліп, USNBC белбеуінен айырылған еді.

Өрттен кейін әлеуметтік желі қолданушылары боксшыға қолдау білдіріп, кейбірі қаржылай көмек ұйымдастыруды да ұсынды.