Батыс Қазақстан облысынан келген 26 жастағы бокс жаттықтырушысы Алматыда қайтыс болды.
Спортшы ауыр халде жатқан кезде оған дер кезінде медициналық көмек көрсетілмей, ауруханаға емес, маскүнемдерді сауықтыру орнына жеткізілгенін туыстары мәлімдеді.
Жандос Қуаныш 1 қарашада шәкірттерімен бірге жарысқа қатысу үшін Алматыға барған. Келесі күні қаладағы дәмханалардың бірінде тамақтанбақ болып, тапсырыс беріп отырған сәтте кенеттен жағдайы нашарлаған. Бейнебақылау жазбаларында оның жай ғана үстелге отырғаны түсіп қалған.
Анасы Жанаргүл Махмутованың айтуынша, Жандос бір мезетте құсып, есінен танып қалған. Алайда дәмхана қызметкерлері жедел жәрдем шақырудың орнына полицияға хабар берген. Туыстарының сөзінше, келген полицейлер де медициналық көмек ұйымдастырмай, жігітті «мас күйде» деп қабылдап, наркологиялық орталықтағы сауықтыру орнына апарған.
3 қараша күні Жандостың анасы ұлына қайта-қайта хабарласқанымен, ол телефонға жауап бермеген. Бір кезде тұтқаны бейтаныс адам көтеріп, өзін учаскелік полицеймін деп таныстырып, «телефонды тауып алдым, бәрі жақсы» деп жауап берген. Тек кейінірек ол Жандостың маскүнемдерді сауықтыру орнында жатқанын айтқан.
Отбасы дереу наркологиялық орталыққа хабарласып, Жандостың ішімдік ішпейтінін, темекі тартпайтынын және ешқандай зиянды зат қолданбайтынын жеткізген. Сол күні туыстары жігітті алып шығып, жедел түрде ауруханаға жеткізген.
Дәрігерлер спортшының миына қан құйылғанын анықтап, жедел ота жасаған. Алайда Жандос комаға түсіп, сегіз күннен кейін көз жұмды.
Марқұмның жақындары дер кезінде медициналық көмек көрсетілсе, оның өмірін сақтап қалуға болар еді деп санайды. Қазір полиция қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр.
Фото: әлеуметтік желі