Орта салмақта WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы 6 желтоқсанда өтетін аса маңызды кездесуі алдында мәлімдеме жасады. Ол бұл жолы WBA белбеуінің иегері, тәжірибелі кубалық боксшы Эрисланди Ларамен күш сынасады.
Жекпе-жек алдында Жәнібек өз жанкүйерлеріне Х әлеуметтік желісінде батыл уәде берді.
«Лара менің деңгейімдегі боксшымен әлі жұдырықтасқан жоқ. Ол «Жәнібек менің деңгейімдегі ешкіммен шықпады» депті. Бірақ мен де айта аламын: ол да менің деңгейімдегі қарсыласпен кездескен жоқ. Мен жыл нокаутын жасаймын», – деп жазды чемпион.
Боксшы жазбасына теңіз жағасындағы суретін де қоса жариялаған.
Алдағы айқас орта салмақтағы төрт негізгі чемпиондық белбеудің үшеуі үшін өтеді. Кездесу АҚШ-тың Техас штатындағы Сан-Антонио қаласындағы Frost Bank Center аренасында ұйымдастырылады.
42 жастағы Эрисланди Лара – тәжірибесі мол, тактикалық тұрғыдан өте шебер қарсылас. Сарапшылар бұл жекпе-жекті Жәнібектің карьерасындағы ең қиын сынақтардың бірі деп бағалап отыр.
Бұған дейін Әлімханұлы жекпе-жек алдында допинг-тест нәтижесін жариялап, 6 желтоқсанда Лараны қалай жеңетінін де ашық айтқан болатын.
Фото: Alex Davidson/Getty Images