Әлімханұлы: Мен ешкімнен қашпаймын, белбеулерді біріктіру – басты мақсатым
Орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) алдағы шешуші жекпе-жек қарсаңында батыл мәлімдеме жасады.
Қазақ боксының мақтанышы барлық белбеулерді біріктіру – басты мақсаты екенін айтты.
«Мен чемпион атанған күннен бастап, барлық белбеулерді біріктіру үшін бар күшімді салып келемін. Ешбір чемпионнан қашпадым, керісінше – мен оларды қуып келемін! Қазір менің екі белбеуім бар, енді тағы екеуі керек», - деп жазды Әлімханұлы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бұл мәлімдеме жанкүйерлер мен спорт сарапшылары арасында кең талқыланып, көпшілік боксшының табандылығын және «Қазақ стилі» рухын жоғары бағалады.
Жәнібек Әлімханұлының келесі жекпе-жегі 6 желтоқсан күні АҚШ-тың Техас штаты, Сан-Антонио қаласында өтеді. Ол WBA әлем чемпионы кубалық Эрисланди Ларамен (31-3-3, 19 KO) күш сынасады.
Бұл кездесу үш чемпиондық белбеу – WBO, IBF және WBA тұжырымдары үшін өтетін біріктіру айқасы болмақ.
Жеңіске жеткен жағдайда Әлімханұлы орта салмақтағы ең беделді және ықпалды чемпиондардың біріне айналады.
Қазіргі таңда 17 жекпе-жекте бірде-бір жеңіліссіз, оның 12-сін нокаутпен аяқтаған Жәнібек Әлімханұлы әлемнің үздік боксшыларының қатарында.
Биыл көктемде Астанада өткен соңғы айқасында ол француз Анауэль Нгамиссенгені бесінші раундта нокаутқа түсірген болатын. Сол сәтте оның техникасы мен мінезін айқын көрсеткен «Қазақ стилі» жанкүйерлердің есінде қалды.
Кей сарапшылардың айтуынша, Эрисланди Лараны жеңген жағдайда Әлімханұлының келесі қарсыласы ретінде екінші орта салмақтағы абсолютті чемпион Теренс Кроуфордтың есімі аталып отыр.
Екі спортшы да рингте жеңілмеген, сондықтан олардың арасындағы мүмкін жекпе-жек әлем боксы үшін ең күтілетін кездесулердің біріне айналуы мүмкін.
«Менің басты мақсатым – тарихта өз атымды қалдыру», – деп түйіндеді Жәнібек Әлімханұлы.
Фото: x.com/qazaqstyle
"Барлығына ұнау мүмкін емес": Шерхан Қалмұрза "сыншылар" туралы пікір білдірді
Ең көп оқылған