457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Әлем кубогі: Санжар Тәшкенбай мен Абылайхан Жүсіпов жартылай финалға шықты

Қытайдың Гуйян қаласында бокстан Әлем кубогінің ширек финал жекпе-жектері өтіп жатыр, деп хабарлайды malimsports.kz.

Турнирдің ширек финалдық жекпе-жектерінде Санжар Тәшкенбай, Абылайхан Жүсіпов және Виктория Графеева қарсыластарынан басым түсіп, жартылай финалға жолдама алды.

Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі Абылайхан Жүсіпов (70 кг) ширек финалда Өзбекстан өкілі Шавкатжон Болтаевпен қолғап түйістірді. Жекпе-жек барысында қазақстандық спортшы толық басымдық танытып, нәтижесінде төрешілер бірауыздан 5:0 есебімен жеңісті Жүсіповке берді.

Ерлер арасында 50 келі салмақта өнер көрсеткен екі дүркін әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай да жартылай финалға сенімді өтті. Оның қарсыласы Қырғызстан боксшысы Анваржан Ходжиев болды.

Жекпе-жек барысында қазақстандық спортшы бастаманы толықтай өз қолына алып, қарқынын бір сәт те бәсеңдеткен жоқ. Санжар барлық раундта басым түсіп, кездесуді 5:0 есебімен аяқтады.

Айта кетейік, Тәшкенбай бұған дейін Испанияның Ла-Нусия қаласында өткен Boxam Elite–2026 халықаралық турнирінде чемпион атанса, Моңғолияның Ұланбатыр қаласында ұйымдастырылған Азия чемпионатында жүлдеге іліге алмаған еді. Сондықтан бұл жарыс ол үшін маңызды мүмкіндік саналады.

60 келі салмақта ел намысын қорғаған әлем чемпионатының жүлдегері Виктория Графеева жартылай финалға шықты. Ол Оңтүстік Корея өкілі О Ен Джимен қолғап түйістіріп, үш раунд бойы айқын басымдық танытты. Нәтижесінде төрешілер бірауыздан 5:0 есебімен қазақстандық боксшының жеңісін тіркеді.

Айта кетейік, Виктория бұған дейін Бразилияда өткен Әлем кубогы кезеңінде финалға дейін жетіп, жарыстың алтын медалін жеңіп алған болатын. Енді ол Гуйяндағы турнирде де осы жетістігін қайталауға жақын.

Ал әйелдер арасындағы 70 келі салмақта сынға түскен Лаура Есенкелді турнирдегі жолын ширек финалда аяқтады. 2025 жылғы Қазақстан чемпионы жарыс қожайыны, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Ян Люге қарсы шығып, 5:0 есебімен жеңіліп қалды. 

Фото: ҰОК