Алматы қаласында Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті – Армия орталық спорт клубында әскери ант беру салтанатты рәсімі өтті, деп хабарлайды malimsports.kz.
Ант берген әскери қызметшілер қатарында атақты спортшы, бокстан екі дүркін әлем чемпионы Алуа Балқыбекова да болды. Ол екі алтын медальдің біріншісін биыл наурыз айында Сербияның Ниш қаласында өткен әлем чемпионатында 50 келі салмақ дәрежесінде ұтса, ал екіншісін қыркүйек айында Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өткен жарыста жеңіп алды.
– Шен тағып, Қарулы күштер қатарында қызмет ету – мен үшін үлкен мәртебе. Армия орталық спорт клубында қызмет ету спортта дамуға және Қазақстанды беделді халықаралық турнирлерде танытуыма мүмкіндік берді, – деді А. Балқыбекова.
Қазақстан Қорғаныс министрлігі спорттың дамуына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Армия спортшыларының елімізде және әлемдік аренадағы жетістіктері – спортшылардың биік рухы мен Отанға адалдығының жарқын дәлелі.
Фото: Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті