Әлем чемпионаты: Қазақстан құрамасының үш боксшысы жартылай финалға шықты

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының капитаны Айбек Оралбай, Аида Әбікеева, Алуа Балқыбекова Ливерпульде (Ұлыбритания) өтіп жатқан әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлайды malimsports.kz.
90 келіден жоғары салмақта Айбек Оралбай Хорватия елінің өкілі Лука Пратльячичпен өзара мықтыны анықтады. Үш раунд бойы хорватиялық қарсыласына еш мүмкіндік бермеген отандасымыз төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.
Аида Әбікеева 65 келіге дейінгі салмақтың ширек финалында Олимпиада чемпионы түркиялық Бусеназ Сюрменелимен кездесті. Отандасымыз алғашқы раундтан-ақ қарсыласын тығырыққа тіреді. Нәтижесінде төрешілердің шешімі бойынша 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Алуа Балқыбекова 51 келіге дейінгі салмақта 1/4 финалда И-Сюань Гуомен (Тайбэй) жұдырықтасып, нәтижесінде айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Өкінішке қарай, Ертуған Зейнуллинов 65 келіге дейінгі салмақта Асадхуджа Муйдинхужаевпен (Өзбекстан) кездесті. Жекпе-жек қорытындысы бойынша Париж-2024 Олимпиадасының чемпионы Асадхуджа Муйдинхужаев төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Сонымен бірге, Бейбарыс Жексен 60 келіге дейінгі Париж-2024 Олимпиадасының жеңімпазы Абдумалик Халоковпен (Өзбекстан) қолғап түйістіріп, төрешілердің бірауызды шешімімен есе жіберді.
Карина Ибрагимова 57 келіге дейінгі салмақтың 1/4 финалында Париж-2024 Олимпиадасының күміс жүлдегері Юлия Шереметамен (Польша) кездесті. Отандасымыз алғашқы раундта басым түсті. Дегенмен польшалық боксшы екінші және үшінші үшминуттықта тізгінді қолына алып, жекпе-жекте жеңіске жетті.
Фото: ҰОК баспасөз қызметі

Ең көп оқылған
