Әлем чемпионаты: Айбек Оралбай екі дүркін Олимпиада чемпионымен кездеседі

Бокстан Ливерпульде өтіп жатқан әлем чемпионатында бірқатар салмақтарда ширек финалдық жекпе-жектер аяқталды, деп хабарлайды malimsports.kz.
12 қыркүйек Қазақстан атынан Санжар Тәшкенбай (50 келі) мен Назым Қызайбай (48 келі) жартылай финалдық кезеңде бақ сынайды.
Назым Қызайбай 2018 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, украиналық Ханна Охотамен кездеседі. Ал Санжар Тәшкенбай үндістандық Жадумани Сингх Манденгбамға қарсы шаршы алаңға шығады.
Сондай-ақ Виктория Графеева Бразилия өкілі Ребека Де Лима Сантоспен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады. Бұл боксшылар бұған дейін Астанада өткен әлем кубогының кезеңінің финалында кездесіп, ол кезде қазақстандық спортшы 3:2 есебімен жеңіске жеткен еді.
Кешкі сессияда Аида Әбікеева Ирландия боксшысы, Париж Олимпиадасының қатысушысы Грейн Мэри Уолшпен, Елдана Талипова Польша өкілі Агата Кацмарскамен, ал Айбек Оралбай кубалық жұлдыз, екі дүркін Олимпиада және бес дүркін әлем чемпионы Хулио Сесар ла Круспен кездеседі.
Жартылай финалға шыққан елдер қатарында Өзбекстан – 8, Қазақстан – 7, Қытай – 6, Бразилия – 4 спортшымен көш бастап тұр. Бұдан бөлек Англия, Ирландия, Түркия және Үндістаннан – 3, Аустралия, Әзербайжан, Тайпей, Польша, Испания, Жапония, Куба, Болгариядан – 2, ал АҚШ, Италия, Иордания, Хорватия, Оңтүстік Корея, Венгрия, Франция, Колумбия, Канада, Венесуэла және Грузиядан бір-бір спортшы жартылай финалға жолдама алды.
Фото: ҰОК баспасөз қызметі

Ең көп оқылған
