«Әдейі істемеген»: IBA өзбек боксшысының құлағын тістеген Шумковты чемпиондықтан айырмады
Бокстан Дубайда ІВА өткізген әлем чемпионатында қарсыласынының құлағын тістеген ресейлік спортшы алтын медальді қайтармайтын болды, деп хабарлайды malimsports.kz.
60 келіде финалға шыққан Всеволод Шумков өзбекстандық қарсыласының құлағын тістегеніне қарамастан IBA оның нәтижесін күшінде қалдырып отыр. Бұл туралы IBA-ның баспасөз қызметі хабарлады.
Всеволод Шумков 13 желтоқсанда Дубайда өткен әлем чемпионатының финалында Париж Олимпиадасының чемпионы, өзбекстандық Абдумалик Халоковты төрешілер шешімімен жеңген болатын.
Кейін аталған жекпе-жекке қатысты Өзбекстан жанкүйерлері наразылық білдіріп, елдің бокс федерациясы апелляция беруге ниетті екенін хабарлаған. Бұған қатысты Ресей бокс федерациясының бас хатшысы Александр Беспутин 16 желтоқсанда Шумковқа қатысты санкциялар қолданылуы мүмкін екенін атады.
Алайда IBA өкілдері Шумковтың қарсыласының құлағына тиюі кездейсоқ көрінгенін, бұл әрекет жекпе-жек барысына әсер етпегенін атап өтті. Сонымен қатар, төреші араласпаған, Халоков қарсылық білдірмеген, ал оның федерациясы турнир аяқталғанға дейін ресми апелляция тапсырмаған. Осы себепті жекпе-жек нәтижесін өзгертуге негіз жоқ деп танылғаны айтылды.
Дегенмен, Шумковты бокстағы адалдықты қамтамасыз ету жөніндегі дербес бөлімше (BIIU) әлі де айыппұлмен жазалауы мүмкін.
Айта кетейік, IBA 2023 жылы Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) тарапынан ресми мойындалмайтын ұйымға айналды. Ал 2028 жылғы Олимпиада ойындарындағы бокс бәсекесін World Boxing ұйымы өткізеді.
Фото: Ашық дереккөзден
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған