Белгілі қазақстандық шахматшы, халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдумәлік әлеуметтік желідегі жанкүйерлер сұрақтарына жауап беріп, жеке өміріне қатысты бірнеше мәліметпен бөлісті, деп жазады malimsports.kz penalty.kz-ке сілтеме жасап.
25 жастағы спортшы өзінің Instagram парақшасында шахматтан уақытша кету себебіне тоқталды. Көпшілікті оның не себепті кәсіби спорттан алыстағаны қызықтырған еді. Жансая бұл сұраққа қысқа да нақты жауап берді:
«Өйткені мен басқа маңызды істермен айналыстым», – деп жазды ол, жүктілік кезінде түскен суретін қоса жариялап.
Осылайша гроссмейстер шахматтан кетуінің басты себебі – ана атануы екенін жанама түрде растады. Жанкүйерлермен ашық әңгіме барысында ол ұлына қойылған есімді де бөлісті. Спортшы баласына Сүлеймен деп ат қойғанын айтты.
Жансая Әбдумәлік — Қазақстан тарихындағы алғашқы әйел гроссмейстер және әлемдік шахмат аренасында ел намысын қорғаған танымал спортшылардың бірі. Ол 2021 жылы ФИДЕ Гран-при сериясының жеңімпазы атанып, әйелдер арасындағы әлем чемпионатының үміткері мәртебесіне ие болған еді.
Қазіргі таңда Жансая аналық міндетін бірінші орынға қойғанымен, жанкүйерлер оның алдағы уақытта шахматқа қайта оралуына үміт артып отыр.
Фото: Inbusiness.kz