457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

«Жауапкершілікті өз мойныма аламын»: шорт-тректен Қазақстан құрамасының бас бапкері Олимпиаданы қорытындылады

Қазақстан құрамасы шорт-тректен Италияда өтіп жатқан Олимпиаданы аяқтады, деп хабарлайды malimsports.kz.

Құраманың бас бапкері Петр Гамидов қорытынды жасап, нәтижеге толық жауапкершілікті өз мойнына алатынын айтты.

"Бүгінгі жарыстардың қаншалықты ауыр болғанын өздеріңіз көрдіңіздер. 1500 метр - Ольга Тихонованың негізгі қашықтығы, ол осы сынға арнайы дайындалды. Тактикалық тұрғыдан жақсы сырғанады, уақыт көрсеткіші бойынша жартылай финалға шығуға мүмкіндігі болды. Бірақ жолы болмады. Шорт-тректе мұз үстінде әртүрлі жағдай болады. Ең алдымен, Михаил Шайдоровтың алтын медаль жеңіп алғанымен барша қазақстандықты құттықтағым келеді. Бұл - еліміз үшін тарихи сәт.

Сондай-ақ жанкүйерлерден кешірім сұрағым келеді. Бізге үлкен үміт артылды. Біз Олимпиадаға үлкен жоспармен келдік, кем дегенде бір медаль алуды мақсат еттік. Алайда біздің спортта нәтиже мен жағдайды алдын ала болжау қиын.

Жанкүйерлерге өтінішім - спортшыларды сынап, кінә артпаңыздар. Әрқайсысы өте ауыр төртжылдық кезеңнен өтті. Бірі жарақатпен күресті, мысалы Денис Никиша. Енді бірі түрлі қиындықты еңсерді.

Олимпиадаға жолдама алғанның өзі - үлкен жетістік. Бұл тек шорт-трекшілерге ғана емес, ұлттық құраманың барлық спортшысына қатысты. Бас бапкер ретінде көрсетілген де, көрсетілмеген де нәтиже үшін толық жауапкершілікті өз мойныма аламын.

Соған қарамастан, Денистің ауыр жолдан кейін жетінші орын алғаны – жақсы нәтиже. Яна 500 метрде қарсыласымен соқтығысып құлағаннан кейін жарақатпен жарысты. Команда қиын кезеңді бастан өткерді.

Спортшыларымызға психологиялық қолдау көрсетулеріңізді сұраймын. Қайталап айтамын, бәрін өз мойныма аламын.

Алдағы жарыстарға қатысу мәселесін елге оралған соң бірлесіп талқылаймыз. Миланға келген әр спортшының өз мақсаты болды. Қазір олардың психологиялық жағдайы мәз емес. Сондықтан уақыт қажет. Алда әлем чемпионатына дайындаламыз. Осы кезең қалай өтетінін көре жатармыз", - деді Петр Гамидов.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасының шорт-тректен 2026 жылғы Олимпиададағы ең үздік нәтижесі – Денис Никишаның 500 метр қашықтықтағы жетінші орны.

 

 

Фото: Сали Сабиров