Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитов Италияда жол апатына ұшырады
Қазақстандық Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитов Италияның Ливиньо қаласында оқу-жаттығу жиыны кезінде жол-көлік оқиғасына тап болды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Биатлон мен шаңғы жарысынан Паралимпиада чемпионы әрі жүлдегері жаңа маусымға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқан. Дәл осы Ливиньо қаласында Хамитов 2026 жылғы Паралимпиада ойындарында жеңіске жеткен болатын.
Спортшының айтуынша, оқиға жаттығудан кейін қонақүйге велосипедпен қайтып келе жатқан кезде болған. Айналма жолда жол жиегінде тұрған Mercedes шағын автобусы кенет қозғалып, велосипедшінің алдынан шыққан. Хамитов жүргізушінің өзін көргеніне қарамастан, көлікті тоқтатпағанын айтты.
Мені Mercedes шағын автобусы қағып кетті. Ол тіпті ештеңе айтпастан оқиға орнынан кетіп қалды. Мен әрі қарай жүре бердім. Алайда жалға алған велосипедімнің дөңгелегі майысып қалған екен. Велосипедті жалға алған дүкенге барып, жағдайды түсіндірдім және бұл жағдайда өзімнің кінәлі емес екенімді көрсететін бейнені ұсындым, – деді спортшы.
Хамитовтің сөзінше, велосипедті жалға берген қызметкер полиция шақыруды ұсынған. Алайда спортшы жүргізушіге қатысты шара қолданудың қажеті жоқ екенін айтып, арызданудан бас тартқан.
Оқиға салдарынан спортшының өзі зардап шекпеген. Алайда жалға алынған велосипедтің дөңгелегі зақымдалып, Хамитов оның құнын өтеуге мәжбүр болған.
Ең бастысы, ешкім зардап шеккен жоқ, тек велосипед зақымдалды. Барлық жүргізушілерге айтарым: егер адамды қағып кетсеңіздер, міндетті түрде тоқтаңыздар, – деді Ербол Хамитов.
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform
Әлібек Қасым ресейлік клубтан түскен ұсыныстан бас тартты
Ең көп оқылған