Жапонияда Азиада-2026 алауының эстафетасы басталды
Жапонияда XX Азия ойындарының алау эстафетасы ресми түрде басталды, деп хабарлайды malimsports.kz.
ҰОК мәліметінше, Нагоя қамалында өткен басты рәсімде үш жерден жеткізілген алау біріктіріліп, ойындардың ортақ алауы жағылды. Осыдан кейін алау Аичи префектурасын аралау сапарына шықты.
Үш алау – ойындардың ортақ нышаны
Алау эстафетасы 18 қыркүйекке дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде ол Аичи префектурасындағы 40 муниципалитет пен Нагоя қаласының 16 ауданын аралап өтеді. Эстафетаға жалпы саны мыңға жуық адам қатысады.
Рәсімнің басты ерекшелігі – алаудың шығу тарихында. «A Uniting Flame for All» («Баршаны біріктіретін алау») тұжырымдамасы үш түрлі алауға негізделген. Олардың әрқайсысы Жапонияда өткен Азия ойындарының тарихымен сабақтас.
Алғашқы алау 18 тамызда Токиода жағылды. 1958 жылы Токио Жапонияда Азия ойындарын алғаш қабылдаған қала болған еді. Рәсім Ұлттық стадион маңында өтті. Алауды жағуға үшінші Азия ойындары кезінде пайдаланылған қазан қолданылды. Кейін бұл қазан 1964 жылғы Токио Олимпиадасы тарихының бір бөлігіне айналды.
Рәсімде спортшылар атынан жапониялық желаяқ Ёсихидэ Кирю қатысты. Ол 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарында 4×100 метрлік эстафетада күміс жүлде алған.
Екінші алау 20 тамызда 1994 жылғы Азия ойындарын қабылдаған Хиросима қаласында жағылды. Оны жағуға Мемориалдық саябақта орналасқан Бейбітшілік алауы пайдаланылды. Осылайша ұйымдастырушылар Жапонияда өткен Азия ойындарының тарихындағы екі маңызды кезеңді – Токио-1958 бен Хиросима-1994-ті өзара сабақтастырды.
Негізгі рәсім 22 тамызда Нагоя қамалында өтті. Токиодан жеткізілген алауды жапон әйелдер футболының аңызы Хомаре Сава әкелсе, Хиросимадан келген алауды әлемнің бұрынғы төртінші ракеткасы Кимико Датэ жеткізді.
Үшінші алау Нагоя қаласының өзінде жағылды. Оны жапониялық INI тобының мүшесі әрі Азиада-2026 ойындарының ресми елшісі Такэру Гото жақты. Бұл үшін ойыс айна мен күн сәулесі қолданылды. Кейін үш алау бір жерге тоғыстырылып, Ойындардың ортақ алауы жағылды.
Ұрпақтар сабақтастығы
Эстафетаны жапон күресінің аңызы Саори Ёсида бастады. Ол Азия ойындарына бірнеше рет қатысып, 2002, 2006, 2010 және 2014 жылдары төрт мәрте чемпион атанды. Оның жетістіктері құрлықтық додалармен шектелмейді. Саори Ёсида – үш дүркін Олимпиада чемпионы, 13 дүркін әлем чемпионы және әйелдер күресі тарихындағы ең көп атаққа ие спортшылардың бірі.
"Бұған дейін мен әрдайым спортшы ретінде жарысқа қатыстым. Бұл жолы жанкүйер ретінде келіп отырмын. Өз кезеңімді жүгіріп өтіп, спортшыларға жігер мен күш-қуат бере алсам деген ойда болдым", – деді Саори.
Эстафетаның келесі кезеңдеріне қатысатын танымал тұлғалардың қатарында жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Наоко Такахаси, Олимпиаданың төрт дүркін жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы Юма Кагияма және жапон спортының өзге де белгілі өкілдері бар.
Эстафетаның алғашқы күні алау Нагояның орталық аудандарын аралап өтті. Бағыт қаланың көрнекті орындары – Мэйдзё және Хисая-Одори саябақтары, Oasis 21 кешені мен Накагава каналы арқылы өтті.
Одан кейін эстафета бүкіл Аичи префектурасын аралайды. Маршрут екі бағытқа бөлініп, өңірдегі барлық 40 муниципалитет пен Нагояның 16 ауданын қамтиды.
Бағдарламаның бір бөлігі ретінде мектептер арасында да алау эстафетасы ұйымдастырылады. 7-15 қыркүйек аралығында алау 14 оқу орнына барады. Эстафетаға мектеп өкілдері қатысып, балалар мен жастардың Азиадаға деген қызығушылығын оятуға мүмкіндік туады. Осылайша ұйымдастырушылар эстафетаның басты идеяларының бірі – ұрпақтар сабақтастығы мен спорттық дәстүрлердің жалғастығын алға тартып отыр.
Алау эстафетасы 18 қыркүйекте, Азия ойындарының ресми ашылуына бір күн қалғанда аяқталады. Ал келесі күні алау Нагоядағы Мидзухо саябағы стадионында өтетін ойындардың ашылу салтанатындағы басты нышандардың біріне айналады.
Аичи рухын танытқан алау
Алау дизайны 11 маусымда, ойындардың ашылуына 100 күн қалғанда, Нагоядағы Но театрында өткен арнайы рәсімде таныстырылды. Оны әзірлеу кезінде өңірдің тарихы мен технологиялық дәстүрлеріне тән ерекшеліктер негізге алынды.
Аичи Жапониядағы ірі өнеркәсіптік орталықтардың бірі саналады. Сондықтан дизайнерлер жапондардың өндіріс пен шеберлікке, сапалы әрі озық технологиялы бұйым жасауға деген көзқарасын білдіретін «монодзукури» ұғымына жүгінді.
Алау құрылымының ерекше тұсы – оттықтың ішкі тетіктері әдейі жасырылмаған. Яғни техникалық құрылым сыртқы қабықтың ішінде қалмай, алаудың келбетінің бір бөлігі ретінде көрініс тапқан. Металл бедері де өңірдің өнеркәсіптік болмысын және алдағы ойындардың рухын жеткізуге арналған.
Тағы бір мағыналы белгі алаудың сабына қатысты. Ол сегіз қырлы бағана түрінде жасалып, сегіз санын білдіретін 八 жапон иероглифінен шабыт алған. Ұйымдастырушылардың түсіндіруінше, бұл белгі мүмкіндіктердің кеңеюін, ілгерілеу мен өркендеуді білдіреді.
Естеріңізге сала кетейік, Аичи мен Нагояда өтетін XX жазғы Азия ойындары 2026 жылдың 19 қыркүйегі мен 4 қазаны аралығында өтеді. Атлеттер 43 спорт түрінен 71 дисциплина бойынша 469 медальдар жиынтығы үшін бақ сынайды. Жарыстар Токио қаласы мен Сидзуока, Осака және Гифу префектураларындағы ареналарды қоса алғанда, 50-ден астам спорт нысанында ұйымдастырылады.
Фото: ҰОК
Әлібек Қасым ресейлік клубтан түскен ұсыныстан бас тартты
Ең көп оқылған