Юлия Галышева мансабындағы бесінші рет Олимпиадаға қатысады
2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Қазақстанның ең атақты фристайлшы спортшыларының бірі Юлия Галышева Олимпиада-2026 ойындарына дайындықты жалғастырып жатыр, деп хабарлайды malimsports.kz.
Алдағы төртжылдықтың басты додасы оның спорттық мансабындағы бесінші Олимпиада болуы мүмкін.
Юлия Галышева осылайша фристайл-могул спортында ерекше рекорд орнатқалы отыр. Өйткені бұл спорт түрінде бес Олимпиадаға қатысқан өзге спортшы қыздар әзірге жоқ. Ол Олимпиада ойындарындағы алғашқы өнерін Ванкувер-2010 додасында көрсеткен. Сол кезде Юлия небәрі 17 жаста болған.
Спортшының мансабындағы ең ірі жетістіктердің бірі - Пхёнчхан-2018 қысқы Олимпиадасында могул сайысынан қола жүлде жеңіп алуы. Бұл медаль Қазақстан тарихындағы могул спортынан тұңғыш олимпиадалық жүлде ретінде ел спорты шежіресіне енді.
Сондай-ақ Юлия Галышева 2019 жылғы фристайлдан әлем чемпионатының алтын жүлдегері атанды. Бұдан бөлек, ол әлем кубогы кезеңдерінде, Универсиада ойындарында және Азия ойындарында бірнеше мәрте жеңіс тұғырынан көрініп, жүлделі орындарға ие болған.
Қазіргі таңда тәжірибелі спортшы Олимпиада-2026 ойындарына жүйелі түрде дайындалып, ел намысын тағы бір мәрте халықаралық аренада қорғауды мақсат етіп отыр.
Фото: ҰОК
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған