Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары кезінде Ресейдің ұлттық символикасын, соның ішінде мемлекеттік туды пайдалануға шектеу енгізу туралы шешім қабылдады.
Бұл талап тек Ресейге ғана емес, Олимпиадаға бейтарап мәртебеде қатысуға рұқсат етілген барлық елдерге ортақ. Шешімге «Тур де Ски» жарысы барысында трибуналарда Ресей туының көрінуі себеп болған.
4 қаңтар күні ресейлік шаңғышы Савелий Коростелев «Тур де Ски» турниріндегі масс-стартта төртінші орын алған. Марапаттау рәсімі кезінде жанкүйерлер арасынан Ресей туы байқалып, кейін спортшы туды рәсім аяқталған соң көргенін растады.
Қазіргі таңда ресейлік спортшылар Олимпиада ойындарына тек бейтарап мәртебеде және шектеулі құраммен қатыса алады. Оларға шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шаңғы жарысы, конькимен жүгіру, ски-альпинизм және шана спорты бойынша квота берілген. Алайда әр спорт түрі үшін қатысушылар саны қатаң шектеліп, жеке талаптар қойылады.
2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары 6-22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді.
Фото: Jakub Porzycki/NurPhoto via Getty Images