Қысқы спорт түрлеріне бөлінген 13,3 млрд теңге қайда жұмсалып жатыр – министр жауабы
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында қысқы спорт түрлеріне бөлінген 13,3 млрд теңгенің қалай жұмсалып жатқанын түсіндірді.
Министрдің айтуынша, аталған қаражат төрт жыл ішінде қысқы спорттың барлық бағыттарына бөлінген.
– Сіз айтып отырған 13,3 млрд теңге қысқы спорт түрлерінің бәріне 4 жылдың ішінде бөлінген. Оның ішінде еңбекақы төлеу қорынан бастап оқу-жаттығу жиындарына, іссапарларға дейінгі шығындар бар. Сонымен қатар заманауи құрал-жабдықтар, медициналық сүйемелдеу мен биологиялық қамтамасыз ету де осы соманың ішінде. Бұл қаржыны еліміздің 20 өңірі алды, – деді министр.
Ербол Мырзабосынов қаржының негізгі бөлігі бюджет есебінен бөлінгенін атап өтті.
– Бұл соманың шамамен 80 пайызы бюджеттен, ал 10–20 пайызы бюджеттен тыс көздерден алынған, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада қысқы спорт түрлеріне арналған бірыңғай мектеп құрылатыны хабарланған болатын.
Алдағы төртжылдықтың басты қысқы жарысында ел намысын 36 қазақстандық спортшы қорғайды. Белгілі болғандай, Олимпиадаға дайындыққа республикалық және жергілікті бюджеттен, сондай-ақ бюджеттен тыс және демеушілік көздерден 13 млрд 300 млн теңге жұмсалған.
Осылайша, бір спортшының дайындығы мемлекетке шамамен 369 444 444 теңгеге түскен.
Еске сала кетейік, 2022 жылғы Бейжің қысқы Олимпиадасы кезінде Қазақстан құрамасы бірде-бір медаль жеңіп ала алмаған еді.
Сурет: ашық дереккөздерден
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған