457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Қысқы Олимпиадада ең көп алтын алған спортшылар анықталды

Йоханнес Клебо Олимпиадада алты бірдей алтын медаль иеленіп, қысқы ойындар тарихындағы жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Милан мен Кортина-д’Ампеццода 6–22 ақпан аралығында өткен 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қорытындысы бойынша ең көп алтын медаль жеңіп алған спортшылар тізімі жарияланды, деп хабарлайды malimsports.kz

Италия төріндегі басты қаһарман - норвегиялық шаңғышы Йоханнес Клебо болып отыр. Ол Олимпиадада алты бірдей алтын медаль иеленіп, қысқы ойындар тарихындағы теңдессіз нәтижеге қол жеткізді. Бұған дейін бірде-бір спортшы бір Олимпиада аясында алты алтын жеңіп алмаған. Осы жетістігінің арқасында Клебо 11 дүркін Олимпиада чемпионы атанды.

Айта кетерлігі, егер Клебоның алтын жүлделері жеке мемлекет ретінде есептелсе, ол 2026 жылғы медаль кестесінде алтын саны бойынша Швейцария құрамасымен бірге сегізінші орынға жайғасқан болар еді. 

Норвегиялық спортшы шаңғы жарысының барлық алты дисциплинасында топ жарды: жекелей старт, скиатлон, жеке және командалық спринт, эстафета, 50 шақырымдық классикалық стильдегі масс-старт және 50 шақырымдық классикалық марафон.

Ал үш алтын медальдан жеңіп алған спортшылар саны бесеу. Олардың қатарында француз биатлоншылары Жюлья Симон мен Кентен Фийон-Майе, нидерландиялық шорт-трекші Мелле ван 'т Ваут, норвегиялық шаңғы қоссайысының өкілі Йенс Офтебру және швейцариялық тау шаңғышысы Франьо фон Алльмен бар.

Осылайша, Олимпиада-2026 жекелей шеберлік тұрғысынан жаңа рекордтармен есте қалды. Әсіресе Йоханнес Клебоның тарихи жетістігі қысқы спорт тарихындағы айрықша оқиға ретінде бағаланып отыр. 

Фото: Getty Images