Германияның Рупольдинг қаласында өткен биатлоннан әлем кубогының кезекті кезеңі аяқталды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Аталған жарыста қазақстандық спортшылар арасынан Владислав Киреев үздік нәтиже тіркеді.
Ол 10 шақырымдық спринтте екі ату кезеңінде де нысананы дәл көздеп, бірде-бір оқты мүлт жібермей, жарысты 43-орынмен аяқтады.
Спринт қорытындысы бойынша үздік 60 спортшының қатарына енген Владислав Киреев 12,5 шақырымдық із кесу сайысында да жоғары мергендігін дәлелдеді. Төрт ату айлағында да қателікке жол бермеген қазақстандық биатлоншы мәреге 33-інші болып жетті. Ол нысана көздеуде мінсіз өнер көрсеткен үш спортшының бірі атанды.
Із кесу жарысында норвегиялық Йоханнес Дале-Шевдал жеңіс тұғырына көтерілсе, франциялық Эрик Перро күміс жүлдені, ал швециялық Мартин Понсилуома қола медальді иеленді.
Келесі әлем кубогы кезеңі 22–25 қаңтар аралығында Чехияның Нове-Место-на-Мораве қаласында өтеді.
Қазіргі таңда Владислав Киреев әлем кубогының жалпы есебінде 43 ұпаймен 51-орында тұр. Ал Әсет Дүйсенов 4 ұпаймен 85-сатыда орналасқан.
Фото: ҰОК