Қазақстан Милан–Кортинадағы қысқы Паралимпиаданы 2 медальмен аяқтады
Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен XIV қысқы Паралимпиада ойындары мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы дүбірлі додада 1 алтын және 1 қола медаль жеңіп алып, жарысты табысты қорытындылады.
Ұлттық құрама Паралимпиадаға екі спорт түрінен 7 спортшымен қатысты. Ел намысын пара биатлон мен пара шаңғы жарысында Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Сергей Усольцев, Юрий Березин қорғады. Ал Владислав Кобаль, Нурлан Алимов және Анна Грачова пара шаңғы жарысында сынға түсті.
Қазақстан қоржынына түскен екі жүлдені де Ербол Хамитов иеленді. Ол пара биатлоннан ерлер арасындағы 4,5 шақырымдық із қуу жарысында топ жарып, Қазақстанға тарихи алтын медаль сыйлады. Бұдан бөлек, пара шаңғы жарысындағы 1500 метрлік классикалық спринтте қола жүлдеге қол жеткізді.
Сондай-ақ Қазақстан құрамасы эстафеталық жарыста үздік бестікке енді. Бұл нәтиже ұлттық команданың қысқы Паралимпиададағы бәсекеге қабілеттілігін айқын көрсетті.
Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің басқарма басшысы Марат Қасқырбаевтың айтуынша, бұл жетістік – параспортты жүйелі түрде қолдаудың нәтижесі. Оның сөзінше, дайындық барысында спортшыларға жан-жақты жағдай жасалып, кешенді медициналық топ жұмысқа тартылған, халықаралық оқу-жаттығу жиындары үздік қысқы базаларда өткізілген. Сондай-ақ команда жұмысына Паралимпиада ойындарының бірнеше дүркін чемпионы, тәжірибелі маман Роман Петушков консультант ретінде қатысқан. Бұл қолдау спортшылардың жоғары деңгейде өнер көрсетуіне мүмкіндік берді.
Айта кетейік, Милан–Кортина 2026 XIV қысқы Паралимпиада ойындары 6-15 наурыз аралығында өтті. Биылғы жарысқа 55 елден 611 спортшы қатысып, алты спорт түрі бойынша 79 медаль жиынтығы сарапқа салынды.
Фото: Мейіржан Амангелдиев
Карло Анчелотти Неймарды тағы да Бразилия құрамасына шақырмады
Ең көп оқылған