457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Қазақстан конькишілері Олимпиаданы жаңа рекордпен аяқтады

Команданың бас бапкері Александр Панфилов төртжылдықтың басты додасын қорытындылады.

Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы конькимен жүгіруден жарыс жолын аяқтады, деп хабарлайды malimsports.kz

Команданың бас бапкері Александр Панфилов төртжылдықтың басты додасын қорытындылап, ұлттық құраманың айтарлықтай алға басқанын мәлімдеді.

Олимпиададағы соңғы жарыс әйелдер арасындағы масс-старт болды. Қазақстан атынан сынға түскен Елизавета Голубева финалға дейін жетіп, шешуші кезеңде 16-орын иеленді. Жартылай финалда жоғары уақыт көрсеткен спортшы араға небәрі 1 сағат 10 минут салып финалда қайта мұз айдынына шықты. Бапкердің айтуынша, тактикалық жоспар нидерландтық көшбасшының ырғағына ілесу болған. Жарыс барысында спортшылар арасында соқтығысулар орын алып, қарқын өте жоғары болды. Тәжірибесіне қарамастан, шешуші сәтте қарсыластар екпіні басым түсті, - деді Александр Панфилов. 

Жалпы есепте күткен медаль бұйырмаса да, бапкерлер штабы Олимпиаданы табысты деп бағалап отыр. Надежда Морозова 6-орын алып, қазақстандық коньки спорты үшін соңғы 28 жылдағы ең үздік нәтижені тіркеді. Сондай-ақ Голубева 1500 метрде 7-орын, 3000 метрде 10-орын алса, Евгений Кошкин 500 метрде 9-сатыдан көрінді.

Команда үшін маңызды жетістіктің бірі – командалық із кесу жарысына алғаш рет қатысуы болды. Қазақстандық спортшылар алғашқы айналымдарда нидерландтықтармен иық тірестіре жарысып, лайықты уақыт көрсетті. Алайда жарыс барысында Арина Ильященко құлап, жартылай финалға шығу мүмкіндігі қиындады. Соған қарамастан, бапкерлер бұл бағытта әлеует жоғары екенін айтады.

Панфиловтың сөзінше, бапкер Павел Абраткевич екі жыл ішінде команданы жаңа деңгейге көтере білді. Маусым басында халықаралық квота нормативін орындай алмаған Ильященко жыл соңына қарай Әлем кубогының В тобында жүлдеге ілігіп, енді А тобында бақ сынауға мүмкіндік алды.

Бапкерлік құрам механиктер, дәрігерлер мен мамандардың еңбегін ерекше атап өтті. Алдағы басты мақсат – әлем чемпионаты. Қазіргі бабында тұрған Морозова төрт қашықтық қорытындысы бойынша жоғары орындарға таласа алатыны айтылды.

Осылайша, медаль болмаса да, Италиядағы Олимпиада Қазақстан конькишілері үшін жаңа кезеңнің бастауы болды. Команда жасарып, тәжірибе жинады және алдағы ірі жарыстарға сеніммен қадам басып отыр.

Фото: Сали Сабиров/ҰОК баспасөз қызметі.