Патрульге шабуыл жасады деп айыпталған Олимпиада жүлдегеріне қандай жаза қарастырылған
Қазақстандық еркін күрес шебері, Олимпиаданың қола жүлдегері Дәулет Шабанбайға қатысты сот процесінде айыптау тарапы нақты бас бостандығынан айыру жазасын сұрап отыр.
Айыптауға сәйкес, спортшыға тағылып отырған бап 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасын көздейді. Прокуратура өкілі сотта сөйлеген сөзінде Шабанбайдың әрекеті билік өкілдеріне қарсы бағытталғанын және олардың қызметтік міндеттерін атқаруына кедергі келтіргенін атап өтті.
«Сотталушы өзінің физикалық басымдығын пайдаланды. Әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру және осындай құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында оған орташа қауіпсіздік мекемесінде 4 жыл мерзімге нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймыз», – делінген айыптау тарапының мәлімдемесінде.
Ал Дәулет Шабанбай соттағы жарыссөз кезінде кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды өтінді.
Іс материалдарына сәйкес, балуан Ұлттық ұлан патрулінің қызметкерлеріне күш қолданды деп айыпталып отыр. Айта кетейік, Дәулет Шабанбай спорттық мансабын бес жыл бұрын аяқтаған. Ол 2012 жылы Лондон Олимпиадасында бастапқыда бесінші орын алғанымен, кейін екі жүлдегер допинг үшін шеттетілген соң, қола медаль оған берілген болатын.
Фото: olympic.kz
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған