457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың әкесіне уәде етілген көлік берілді

Кәсіпкер Шайдоровтар отбасына және бүкіл Қазақстан халқына жаңа жеңістер мен қуанышқа толы сәттер тіледі.

Халықаралық InDrive сервисінің негізін қалаушы әрі бас директоры Арсен Томский Олимпиада чемпионы, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың әкесі әрі алғашқы бапкері Станислав Шайдоровқа Audi Q8 автокөлігін сыйға тартты.

Бұл туралы кәсіпкер 13 ақпанда Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады. Дәл осы күні Миланда өткен 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында Михаил Шайдоров тарихи жеңіске жетіп, алтын медаль иеленген болатын.

«Бұл жеңістің артында – әкенің еңбегі»

Арсен Томскийдің айтуынша, Станислав Шайдоров – ұлының Олимпиада алтынына жету жолындағы басты тұлғалардың бірі.

«Мен Audi Q8 көлігін Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың әкесі, алғашқы жаттықтырушысы және осы жеңістің бастауында тұрған Станислав Шайдоровқа сыйладым. Михаилдің өнер көрсетуі – Қазақстанды ғана емес, әлемді тәнті еткен тарихи сәт. Бірақ бұл жеңістің артында жылдар бойғы еңбек, темірдей тәртіп пен үлкен құрбандық жатыр», – деп жазды кәсіпкер.

Станислав Шайдоров – бұрын кәсіби мәнерлеп сырғанаушы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Ол ұлының алғашқы бапкері ретінде оның спорттық жолының іргетасын қалады.

Әкенің құрбандығы – үлкен жеңіске бастады

2018 жылы Станислав Шайдоров ұлының спорттық мансабын жалғастыруы үшін өз автокөлігін сатып жіберген. Түскен қаражат Михаилдің Сочиге қоныс аударып, Олимпиада чемпионы Алексей Урмановтың жетекшілігімен жаттығуына мүмкіндік берген.

Бұл шешім өз нәтижесін берді:

2022 жылы Михаил жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды;

ересектер арасындағы халықаралық жарыстарда сәтті өнер көрсетті;

2026 жылы Олимпиада чемпионы атанды.

Көлікті табыстау рәсімі Audi автосалонында өтті. Арсен Томский кроссоверді өз қаражатына сатып алғанын айтты. Оның сөзінше, бренд логотипінің Олимпиада символикасына ұқсастығы да таңдауына әсер еткен.

Кәсіпкердің айтуынша, ол да өмірінде екі рет көлігін сатуға мәжбүр болған: бірінде қызметкерлердің жалақысын төлеу үшін, екіншісінде Якутия құрамасының киберспорт чемпионатына баруына көмектесу үшін.

Ал Станислав Шайдоров бұл сыйлықты алғаш естігенде сенбегенін жеткізді.

«Мұндай сыйлықты армандаған да емеспін. Басында не болып жатқанын толық түсінбедім. Кейін барып оның қаншалықты үлкен құрмет екенін сезіндім. Ұлыма, Құдайға және бізге жанкүйер болған барша жанға алғыс айтамын», – деді ол.

Арсен Томский жазбасының соңында:
«Әрбір чемпионның артында бір күні: “Мен саған сенемін” деген адам тұрады. Ұлы жеңістер әрқашан сенімнен басталады», – деп атап өтті.

Кәсіпкер Шайдоровтар отбасына және бүкіл Қазақстан халқына жаңа жеңістер мен қуанышқа толы сәттер тіледі.

Фото: әлеуметтік желі