Министрлік Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровпен келісімшарт жасалғанын мәлімдеді
Туризм және спорт министрлігі Михаил Шайдоровқа қатысты жағдайға байланысты түсініктеме беріп, келісімшартқа қол қойылғанын атады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Вице-министрі Серік Жарасбаев аталған жағдайға пікір білдіріп, мәселенің шешімін тапқанын атады.
"Сіздерге Туризм және спорт министрлігі атынан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың мәселесіне байланысты ресми мәлімдеме жасағым келеді. Михаил Шайдоров – отандық спорттың мақтанышы, өз есімін ел спортының тарихына алтын әріптермен жазған саңлақ. Біз оны әрдайым қолдаймыз және халықаралық аренада табысты өнер көрсетіп, биік жетістіктерге жете беруіне тілектеспіз. Қоғамда кеңінен талқыланып жатқан келісімшарт мәселесіне тоқталсам, бүгінгі күні келісімшарт Шайдоровтың командасына жолданды және оған қол қойылды. Қол қою рәсімінің барлығы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес өтті. Тараптар ортақ мәмілеге келіп, келісімшарттың барлық тармағын жан-жақты талқылады. Құжатқа қол қойылғаннан кейін министрлік оны жұмыс тәртібімен қабылдады. Алдағы уақытта келісімшартта көзделген барлық қаржы толық көлемде төленеді", - деді Серік Жарасбаев.
Сонымен бірге, вице-министр 5 маусымда Михаил Шайдоров жаңа маусымға дайындық үшін АҚШ-қа аттанатынын жеткізді.
"Сондай-ақ бірер күннен соң Михаил Шайдоров өз командасымен бірге Туризм және спорт министрлігіне келеді. Кездесу барысында алдағы жоспарлар мен келесі Олимпиадаға дайындық мәселелерін талқылаймыз. Сонымен қатар елімізде мәнерлеп сырғанауды дамыту бағытындағы жұмыстар жөнінде де пікір алмасамыз”, - деді ол.
Бұған дейін Михаил Шайдоров Олимпиададан кейін жалақысыз қалғанын атап, өзіне тиісті мәселенің шешімін таппағанын айтқан болатын. Кейін бұған қатысты министрлік пікір білдірген еді.
Фото: Ашық дереккөздер
Бразилияның үздік ойыншыларының бірі әлем чемпионатына қатыса алмайды
Ең көп оқылған