2026 жылы Италияда өтетін қысқы Олимпиаданың ашылу салтанатында Қазақстан құрамасының туын конькишілер Яна Хан мен Денис Никиша ұстайды деген ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды malimsports.kz.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта олимпиадалық лицензиялар үшін іріктеу кезеңі жалғасып жатыр. Осыған байланысты ұлттық құраманың нақты құрамы мен ту ұстаушыларды алдын ала жариялау ерте.
«Толық әрі ресми ақпарат Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің ресми ресурстарында жарияланады. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырамыз», – деді министрліктің баспасөз хатшысы Балым Адамиденова.
Бұған дейін қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстаннан қанша спортшы қатысуы мүмкін екені туралы хабарланған болатын.
Фото: скриншот