457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Футболдан 2034 жылғы әлем чемпионаты бір жылға шегерілуі мүмкін

Сауд Арабиясының өтінімінде әлем чемпионатын қазан мен сәуір аралығында өткізу ең қолайлы кезең ретінде көрсетілген.

Сауд Арабиясында өтетін 2034 жылғы футболдан әлем чемпионатының нақты өткізу мерзімі әлі анықталған жоқ. Бұл туралы Politico басылымы хабарлады, деп жазады malimsports.kz

Басылымның мәліметінше, Сауд Арабиясы турнирді қабылдайтын ел ретінде бір жарым жыл бұрын бекітілгенімен, жарыстың қай уақытта өтетіні жөнінде түпкілікті шешім қабылданбаған. Тіпті чемпионатты 2035 жылдың басына шегеру нұсқасы да қарастырылып отыр.

Сауд Арабиясының өтінімінде әлем чемпионатын қазан мен сәуір аралығында өткізу ең қолайлы кезең ретінде көрсетілген. Бұл уақытта елдегі ауа температурасы 15-30 градус шамасында болады. Алайда 2034 жылы бұл мерзім бірнеше маңызды оқиғамен тұспа-тұс келеді.

Ең алдымен, Рамазан айы 12 қараша мен 12 желтоқсан аралығына сәйкес келеді. Бұл кезеңде мұсылман елдеріндегі қоғамдық өмірдің тәртібі өзгеретіндіктен, халықаралық турнир өткізу қолайсыз саналады.

Ал қаңтар мен ақпан айларында АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында Қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл көрермендердің, демеушілердің және медианың назарын екіге бөлуі мүмкін.

Сонымен қатар наурыз айының басында Сауд Арабиясында қажылық маусымы өтеді. Жыл сайын миллиондаған адам жиналатын бұл діни шара ауқымды ұйымдастыру жұмыстарын талап етеді және оның мерзімін өзгерту мүмкін емес.

Ал әлем чемпионаттарын дәстүрлі түрде өткізетін маусым–шілде айларында Сауд Арабиясында ауа температурасы 35–45 градусқа дейін көтерілетіндіктен, мұндай ыстықта матч өткізу ойыншылар үшін қауіпті.

Әзірге ФИФА турнирді кейінге шегеру мәселесін ресми түрде қарастырмаған. Дегенмен ұйым президенті Джанни Инфантино бұған дейін әлем чемпионаттарын жылдың басқа мезгілдерінде өткізу мүмкіндігін жоққа шығармайтынын айтып, күнтізбені өзгертуге ашық болуға шақырған.

Айта кетейік, келесі әлем чемпионаты 2030 жылы Испания, Португалия және Мароккода өтеді. Сондай-ақ турнирдің жекелеген матчтарын Уругвай, Аргентина және Парагвай қабылдайды.

Фото: Getty Images