Фристайл-акробатика: Рукадағы әлем кубогының алғашқы кезеңін аяқталды
Финляндияның әйгілі Рука тау-шаңғы курортында фристайл-акробатикадан әлем кубогының 2024/25 маусымындағы алғашқы кезеңі өтті.
Дүниежүзілік додаға 11 елден 75 спортшы (40 ер, 35 әйел) қатысып, 2026 жылғы Милан – Кортина-д’Ампеццо қысқы Олимпиадасына іріктеу ұпайларын сарапқа салды.
Қазақстан құрамасы ерлер арасындағы жекелей сында бірқатар нәтижелер көрсетті. 16 жастағы жас талант Асан Асылхан 98.23 ұпаймен 14-орынға ие болды. Қалған отандастарымыздың нәтижесі төмендегідей:
Шерзод Хаширбаев – 17-орын (89.18)
Дінмұхаммед Райымқұлов – 23-орын (81.86)
Роман Иванов – 24-орын (81.42)
Ұланбәкір Өмірзақов – 26-орын (77.14)
Бұл кезеңде америкалық спортшылар үздік шықты. 2022 жылғы Пекин Олимпиадасының чемпионы Кристофер Лайллис 114.93 ұпаймен жеңімпаз атанса, екі дүркін әлем чемпионы Куинн Делингер (110.86) күміс жүлде иеленді. Үшінші орынды Қытай спортшысы Сунь Цзясюй еншіледі.
Әйелдер арасындағы бәсекеде Қазақстан атынан қатысқан Ардана Маханова 41.34 ұпай жинап, жарысты аяқтады.
Фристайл еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан қысқы спорт түрлерінің бірі. Туризм және спорт министрлігі құраманы оқу-жаттығу жиындарымен, медициналық және қаржылық қамтамасыз етумен, халықаралық жарыстарға қатысумен және қажетті құрал-жабдықпен толық қолдап келеді.
Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі
Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шыққан алғашқы бес команда анықталды
Ең көп оқылған