Үкіметте 2026 жылы Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына қазақстандық спортшылардың дайындығы талқыланды. Премьер-министр Олжас Бектенов бұл байрақты бәсекенің елдің халықаралық беделін арттырудағы маңызын атап өтіп, дайындық жұмыстары барынша сапалы әрі ашық жүргізілуі тиіс екенін айтты.
Үкімет басшысының айтуынша, мемлекет бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға ерекше назар аударып отыр. 2023-2025 жылдар аралығында спорт саласын қолдауға бюджеттен 360 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұл қаражат спортшыларды даярлау, инфрақұрылымды дамыту және халықаралық жарыстарға сапалы дайындық жүргізуге бағытталған.
Қазақстанда қысқы спорт түрлерін дамытуға қолайлы климат пен базалық инфрақұрылым жеткілікті. Осы ретте салалық спорт федерацияларының жауапкершілігі ерекше екені айтылды. Ұлттық құрамалардың жасақталуы, жаттықтырушылар құрамы мен спорт резервін қалыптастыру, сондай-ақ әр спорт түрі бойынша ұзақмерзімді стратегия әзірлеу – федерациялардың негізгі міндеті.
Премьер-министр 2024 жылы Канвонда өткен жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылардың көрсеткен нәтижелерін спорт резервін дайындаудың оң көрсеткіші ретінде бағалады. Оның айтуынша, бұл жетістіктер Италиядағы Олимпиадада жалғасын тауып, еселенуі тиіс.
Сондай-ақ Олжас Бектенов Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкиннің спортшыларға рух беріп, жеңіске ынталандыратын тұлға екенін атап өтті. Үкімет басшысы спортшылардың тәртібі, табандылығы мен командалық рухы жеңіске жетелейтініне сенім білдірді.
Олимпиаданың басталуына аз уақыт қалғанын ескерткен Премьер-Министр Туризм және спорт министрлігіне Ұлттық Олимпиада комитетімен бірлесіп, ұлттық құраманың толық дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Түпкілікті құрамды бекіту, логистика, қажетті жабдықтар, медициналық қолдау және барлық ұйымдастыру мәселелері жедел әрі нақты шешілуі керек. Ешқандай көзбояушылық болмасын», - деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар, Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық арналар арқылы жан-жақты қолдау көрсету міндеттелді. Үкімет басшысы бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселесіне де ерекше тоқталып, болашағы бар спортшыларға көрсетілетін қолдау нақты әрі ашық болуы қажет екенін айтты.
Премьер-министр сондай-ақ Туризм және спорт министрлігіне Ұлттық паралимпиада комитетімен бірлесіп, қысқы Паралимпиада ойындарына дайындықты күшейтуді тапсырды. Оның айтуынша, паралимпиада спортшыларының халықаралық жарыстарға қатысуы инклюзивті қоғам құндылықтарын нығайтып, табандылық пен жігердің жарқын үлгісін көрсетеді.
Фото: Үкімет