Мәзір
Олимпиада

Елена Круглыхина: Олимпиада жалғасуда, ел намысы үшін күресеміз

Сабина Асқарқызы 58 қаралым
Елена Круглыхина: Олимпиада жалғасуда, ел намысы үшін күресеміз

Фристайл-могулдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Елена Круглыхина Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы қысқы Олимпиадағы әйелдер құрамасының нәтижесіне пікір білдірді, деп хабарлайды malimsports.kz.

Айта кетейік, алғашқы финалдық кезеңге Аяулым Әміренова, Юлия Галышева және Анастасия Городко жолдама алған еді. Алайда қазақстандық спортшылар шешуші финалға өте алмады.

Бас бапкердің айтуынша, ірі жарыстарда толқу факторын ескермеу мүмкін емес.

«Бұл – спорт. Мұндай ауқымды додаларда әрдайым жауапкершілік пен толқу жоғары болады. Нәтиже бұдан да жақсы болады деп сендік, негізгі финалға өтеміз деп ойладық. Енді бәрін саралап, қай жерде қателік кеткенін талдаймыз. Қыздар барын салды. Біздің спортта кей жағдайда нәтиже төрешілердің бағалауына да байланысты. Сондықтан бәрі әрдайым жоспарлағандай бола бермейді», – деді Круглыхина Қазақстан ҰОК баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Сонымен қатар ол Қазақстан құрамасы үшін Олимпиада аяқталмағанын атап өтті.

«Біз үшін жарыс жалғасады. Ел намысы үшін күресті тоқтатпаймыз. Алда параллельді могул сайыстары және ерлер финалы бар. Қазір Павел Колмаковпен бірге тыңғылықты дайындалып жатырмыз», – деді бас бапкер.

Еске салайық, фристайл-могулдан ерлер арасындағы финал 12 ақпанда өтеді. Жарыс Астана уақытымен 16:15-те басталады.

 

 

Сурет: Тұрар Қазанғапов

Мақаланы бөлісу
Осы тақырыпта

Ұқсас жаңалықтар