Алматы әуежайында Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровты салтанатты түрде қарсы алды
Италияда өткен қысқы Олимпиаданың жеңімпазы Михаил Шайдоров Алматыға оралды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Қала тұрғындары спортшыны әуежайда ерекше ықыласпен қарсы алды. Түнгі уақытқа қарамастан халықаралық терминалда чемпионды күткен жанкүйерлер көп болды. Олардың қатарында қала әкімдігі өкілдері, туған-туыстары мен жанкүйерлері бар.
Тарихи жеңістің иегері туған жеріне оралғанына қуанышты екенін айтып, көрсетілген қолдау үшін алғыс білдірді.
Туған қалама табан тірегеніме өте қуаныштымын. Осындай ыстық ықыласты сезіну – сөзбен жеткізу қиын ерекше сезім. Маған әрдайым қолдау көрсеткен баршаңызға ризашылығымды білдіремін, – деді Михаил Шайдоров.
Спортшы алдағы уақытта да халықаралық додаларда ел намысын қорғап, биік нәтижелерге жетуге күш салатынын айтты. Сонымен қатар Қазақстанда мәнерлеп сырғанауды дамытуға үлес қосу жоспары бар екенін жеткізді.
Айта кетейік, Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен XXV қысқы Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы мәнерлеп сырғанаудан Михаил Шайдоров қысқа бағдарламада 92,94 ұпай, еркін бағдарламада 198,64 ұпай жинап, жалпы 291,58 ұпаймен алтын медаль жеңіп алған еді.
Фото: Сали Сабиров
Дастан Сәтпаевты «Челси» капитанының әкесі жаттықтырады
Ең көп оқылған