Александр Панфилов: 1998 жылдан бергі Олимпиададағы ең үздік нәтиже тіркелді
Конькимен жүгіру спортынан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Александр Панфилов 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарындағы алғашқы жарыс күнінің қорытындысын шығарды.
Еске сала кетейік, 7 ақпанда Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында конькимен жүгіруден жарыстар басталды. Алғашқы жүлделер әйелдер арасында 3000 метр қашықтықта сарапқа салынды.
Аталған қашықтықта қазақстандық спортшы Надежда Морозова мәреге алтыншы болып келсе, Елизавета Голубева оныншы нәтиже көрсетті.
Бас бапкердің айтуынша, бұл нәтиже Қазақстан құрамасы үшін ерекше маңызды.
«Надежда Морозова өте жоғары деңгейде өнер көрсетті. Сонымен қатар Елизавета Голубева да үздік ондыққа енді. Айта кету керек, бұған дейін Олимпиада ойындарындағы ең үздік нәтижеміз 2014 жылы тіркеліп, жетінші орын алған едік. Әрине, 1998 жылы Людмила Прокашева жеңіп алған тарихи қола медальді есепке алмадым. Мен сол жүлдеден кейінгі көрсеткіштер туралы айтып отырмын», - деді Александр Панфилов.
Маманның сөзінше, 3000 метр спортшылардың басты бағыты саналмайды.
«Алғашқы күн біз үшін өте сәтті өтті. Оның үстіне 3000 метр – қыздардың негізгі қашықтығы емес. Олар көбіне 1000 және 1500 метрге маманданған. Сондықтан бұл нәтиже бізге үлкен үміт сыйлайды», – деді ол.
Сондай-ақ Панфилов жеңімпаз нәтижесіне қатысты пікір білдірді.
«Жеңімпаздың нәтижесі бәрімізді таңғалдырды. Алтын жүлдені Франческа Лолобриджида жеңіп алды. Ол маусым барысында мұндай нәтиже көрсетпеген еді. Бірақ өз еліңнің қолдауы сезіледі ғой. Сонымен қатар жұбы да мықты болды. Канадалық спортшы да жүлдегерлер қатарына енді. Бізге жұп жағынан сәл сәттілік жетпеді. Дегенмен спортшыларымыз лайықты өнер көрсетті. Нәтижеге көңіліміз толады. Барша жанкүйерге қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамыз», - деді бас бапкер.
Фото: Сали Сабиров
Дастан Сәтпаевты «Челси» капитанының әкесі жаттықтырады
Ең көп оқылған