Қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан туын кім ұстап шығады
2026 жылы Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында (Италия) өтетін қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын тәжірибелі спортшылар – Денис Никиша мен Аяулым Әміренова алып шығады.
Денис Никиша - соңғы жылдары шорт-тректен Қазақстан құрамасының жарқын өкілдерінің біріне айналды. Сондай-ақ қысқы спорт түрлерінде елге кеңінен танылған спортшы атанды. Ол 500 метр қашықтықта әлемдік деңгейдегі көшбасшылар қатарында және Қазақстан мен әлемдегі ең мықты спринтерлердің бірі саналады.
Никишаның еншісінде әлем чемпионатының екі күміс медалі бар. Алғаш рет ол 2024 жылы әлем біріншілігінде жеңіс тұғырына көтеріліп, мұндай жетістікке қол жеткізген тұңғыш қазақстандық атанды. Бір жылдан кейін бұл нәтижесін қайталап, өз есімін тарихқа алтын әріппен жазды.
2022/23 жылғы маусымда Денис Никиша 500 метр қашықтық бойынша Әлем кубогының жалпы есебінде жеңіске жетіп, әлемдік көшбасшылармен тең дәрежеде бәсекелесе алатынын дәлелдеді. 2025 жылғы Азия ойындарында ол ерлер арасындағы 5000 метрлік эстафетада тарихи жеңіске жеткен құраманың мүшесі болды. Еске салайық, Харбинде Қазақстан құрамасы бұл спорт түрінен ел қоржынына Азиададағы алғашқы алтын медальді салды. Сондай-ақ Никиша жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында екі мәрте қола жүлдегер атанған.
Денис Никиша үшін бұл - төртінші Олимпиада. 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасында ол 500 метрде сегізінші орын алып, аралас эстафетада команданың бесінші орын иеленуіне үлес қосты.
Аяулым Әміренова - фристайлдан әйелдер арасында Қазақстанның ең тәжірибелі спортшыларының бірі. Оның могулдағы спорттық жолы ерте жастан басталып, жас кезінен-ақ халықаралық деңгейге шығып, ұлттық құраманың тұрақты мүшесіне айналды.
Ол 2018 жылғы Пхенчхан және 2022 жылғы Бейжің Олимпиада ойындарына қатысып, бұл спорт түрінен қатарынан екі Олимпиадада өнер көрсеткен қазақстандық спортшылардың бірі болды.
2025 жылғы қысқы Универсиадада Аяулым параллельді могул сайысында күміс медальға ие болып, өз деңгейінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Әр жылдары ол Еуропа кубогының кезеңдерінде алтын медальді қоса алғанда, бірнеше жүлдеге қол жеткізді.
Фото: Ақорда
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған