Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында ерлер арасындағы волейболдан Қазақстан кубогының шешуші кездесулері аяқталды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Финалда Талдықорғанның «Жетісу» командасы мен «Атырау» клубы кубок үшін өзара бақ сынады.
Матчты атыраулықтар сенімді бастады – алғашқы партия 25:17 есебімен олардың пайдасына аяқталды. Дегенмен одан кейін Марат Адрышев шәкірттері ойын тізгінін өз қолына алып, қатарынан үш сетте басымдық танытты – 25:18, 25:23, 25:22.
Нәтижесінде кездесу 3:1 есебімен «Жетісудің» жеңісімен аяқталып, талдықорғандықтар биылғы Қазақстан кубогының иегері атанды.
Айта кетейік, өткен маусымда финалда «Ақтөбе» мен Оралдың «Жайық» командалары кездесіп, кубокты ақтөбеліктер иеленген еді. Биыл бұл екі ұжым қола жүлде үшін ойнады. Үшінші орын үшін өткен матчта «Жайық» 3:0 есебімен жеңіске жетті.
Жарыс қорытындысында жеңімпаз және жүлдегер командаларға кубок пен медальдар табысталды. Сонымен қатар Борис Кемпа («Жайық»), Никита Швалев («Жетісу») және Дмитрий Козлов («Атырау») турнирдің үздік ойыншылары деп танылды.
Фото: Скриншот