9-14 желтоқсан күндері Бразилияның Сан-Паулу қаласында волейболдан әйелдер клубтары арасындағы әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Биылғы додада әлемнің сегіз үздік командасы бақ сынайды. Қазақстанның тоғыз дүркін чемпионы әрі Азия чемпиондар лигасының биылғы жеңімпазы – Талдықорғанның «Жетісу» командасы жарыстың «А» тобында ойнайды.
Клубтың мәліметінше, сербиялық бас бапкер Марко Гршич бастаған команда 10 желтоқсанда алғашқы ойынын Италияның «Савино Дель Бене» клубына қарсы өткізеді. Сол күні «Жетісу» Перудің «Альянца Лима» командасымен де кездеседі. Ал 12 желтоқсанда алаң иелері — Бразилияның «Озаску Сан-Кристован» клубымен күш сынасады.
Әр топтан үздік екі команда жартылай финалға жолдама алады.
Айта кетейік, клубтар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан атынан бұған дейін 2021 жылы өскемендік «Алтай», ал үш жыл бұрын солтүстікқазақстандық «Қуаныш» командасы қатысқан.
Сонымен қатар «Жетісу» тарихында алғаш рет Азия чемпиондар лигасының жеңімпазы атанғанын да бұрын хабарлаған едік.
Фото: vc_zhetysu