Желіде Ұлттық құраманың ресми спорт киімі сатылып жатқаны рас па?
Әлеуметтік желілерде Қазақстан ұлттық құрамасының нышандары бейнеленген спорт киімдерінің сатылып жатқаны туралы видеолардың таралуына байланысты ҚР Туризм және спорт министрлігінің «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК ресми түсініктеме жариялады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Дирекцияның мәліметінше, ұлттық құраманың ресми серіктесі Under Armour компаниясы қазіргі уақытта Қазақстан құрамасының ресми спорттық киім жиынтығын дайын өнім ретінде өндірмейтінін және сатылымға шығармағанын растаған. Компанияның ресми дүкендерінде тек Under Armour брендінің түпнұсқа өнімдері ғана сатылады.
Осыған байланысты әлеуметтік желілер мен түрлі сауда алаңдарында ұлттық құраманың ресми киімі ретінде ұсынылып жатқан өнімдер Under Armour компаниясының ресми экипировкасы болып саналмайды. Сондай-ақ олардың түпнұсқа өнімдерден әлдеқайда арзан бағамен сатылуы тауардың сапасы мен шығу тегіне күмән тудырады.
Осыған орай Спортты дамыту дирекциясы азаматтарды сақ болуға және спорттық киімдерді тек Under Armour-дың ресми сауда орындарынан сатып алуға шақырды.
Сонымен қатар мекеме аталған өнімдердің өндірушісі, сатушысы немесе тауар белгісінің құқық иеленушісі емес екенін атап өтті. Сондықтан үшінші тараптар ұсынатын өнімдердің түпнұсқалығына баға беру оның құзыретіне кірмейді.
Дирекция өнімнің заңдылығын тексеру үшін құқық иеленушіге ресми хат жолдайтынын мәлімдеді. Егер контрафактілік өнім белгілері анықталса, тиісті материалдар Қазақстан Республикасының әділет және құқық қорғау органдарына жолданатын болады.
Фото: СДД
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған