Жалгас Жұмағұлов UFC-дің бұрынғы файтерін айқын жеңді
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері (ММА) Жалгас Жұмағұлов Oktagon еуропалық лигасында өткен титулдық жекпе-жекте жеңіске жетті, деп хабарлайды malimsports.kz.
37 жастағы спортшы Прага қаласында өткен турнирде өнер көрсетті. Кештің қосалқы басты жекпе-жегіндегі қарсыласы - чехиялық Давид Дворжак болды. Ол да Жұмағұлов сияқты бұған дейін UFC-де өнер көрсетіп, ең жеңіл салмақ дәрежесінде (56,7 кг дейін) топ-15 қатарына кірген.
Жекпе-жек бес раундқа жоспарланғанымен, мерзімінен бұрын аяқталды. Қазақстандық файтер айқын басымдық танытып, қарсыласын нокдаунға жіберді. Үш раундтан кейін Дворжак жекпе-жекті жалғастыра алмады.
Нәтижесінде, Жалгас Жұмағұлов техникалық нокаутпен жеңіске жетіп, маусым айында жеңіп алған Oktagon ұйымының ең жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуін алғаш рет қорғады.
«Кеше мен уәде берген едім! Көп сөз айтпадым, бірақ тордың ішінде бәрін дәлелдедім. Мен үлкен шоу көрсету үшін шықтым. Ел мені әрдайым қолдайды, себебі мен өз елім үшін жұдырықтасамын. Барлығына қазақтардың кім екенін көрсетемін. Мен бірнеше рет айтқанмын — біз 35 жастан кейін ашыламыз. Бүгін соны дәлелдедім, мен енді ғана бастадым!», - деді ол жекпе-жектен кейін.
Фото: Ашық дереккөзден
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған