457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Хамза Шираз Жәнібек Әлімханұлымен жекпе-жектен бас тартуы мүмкін

Әзірге Хамза Шираз бен Жәнібек Әлімханұлы арасындағы міндетті жекпе-жектің нақты өтетін күні белгіленген жоқ.

Британдық боксшы, екінші орта салмақтағы WBO чемпионы Хамза Шираз қазақстандық Жәнібек Әлімханұлымен жекпе-жек өткізуден бас тартуы мүмкін, деп хабарлайды malimsports.kz. 

Бұл туралы Boxingnews24.com сайтының тұрақты авторы Том Гэлм жазды.

Өткен аптада Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) Жәнібек Әлімханұлын Шираздың чемпиондық атағына міндетті қарсылас ретінде бекіткен болатын. Қазақстандық боксшы бұған дейін британдық спортшымен рингке шығуға дайын екенін мәлімдеді. Ал Шираз әзірге бұл жекпе-жекке қатысты пікір білдірген жоқ.

Том Гэлмнің пайымынша, жекпе-жектің өтпеуіне Шираздың промоутерлері мен менеджерлері себеп болуы мүмкін. Сарапшының пікірінше, Жәнібек британдық боксшы үшін қаржылық тұрғыдан тиімді емес әрі қауіпті қарсылас саналады.

«Жәнібек Шираздың тиімді бизнес-жобасына елеулі қауіп төндіреді. Шираз — маркетинг тұрғысынан тартымды, жасы жас британдық боксшы. Ол Турки Әл-Шейх ұйымдастыратын бокс кештерінің кардтарында тұрақты түрде жоғары орын алып жүр. Queensberry промоутерлік компаниясының Шираздан Жәнібек секілді қауіпті солақай боксшымен кездестірмей-ақ жақсы табыс табудың бірнеше жолы бар», — деп жазады автор.

Сонымен қатар сарапшы Жәнібектің промоутерлік компаниясы Top Rank жекпе-жекті өткізу туралы келісімге қол жеткізуді талап етуі мүмкін екенін атап өтті. Алайда Ширазды Queensberry басқарады.

Автордың пікірінше, Фрэнк Уоррен бастаған Queensberry WBO-дан жекпе-жекті өткізбеуге рұқсат сұрауы, Жәнібекке өтемақы төлеуі немесе Ширазға қаржылық тұрғыдан тиімдірек қарсылас табуы мүмкін. Ең шеткі жағдайда британдық боксшы чемпиондық белбеуден бас тартуы ықтимал.

Сарапшы мұндай шешім Шираздың өзінен гөрі оның менеджерлеріне байланысты болуы мүмкін екенін атап өтті. Өйткені боксшы үшін кез келген қарсыласты жеңуге деген сенім маңызды болса, менеджерлер жеңілістің қаржылық тәуекелін және жекпе-жектен түсетін ықтимал пайданы салыстырады.

Әзірге Хамза Шираз бен Жәнібек Әлімханұлы арасындағы міндетті жекпе-жектің нақты өтетін күні белгіленген жоқ.

Фото: Ашық дереккөзден

Ең көп оқылған