АҚШ-тың Форт-Уэйн қаласында волейболды отырып ойнаудан Әлем кубогі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды malimsports.kz.
Қола жүлде үшін өткен шешуші матчта Қазақстан құрамасы алаң иелері — АҚШ құрамасымен кездесіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Бауыржан Тахауовтың шәкірттері алғашқы екі партияда 25:23 және 25:18 нәтижесімен басым түсті. Үшінші сет 15:25 есебімен америкалықтардың пайдасына шешілсе, шешуші төртінші сетте Қазақстан құрамасы 25:23 есебімен жеңіске жетті.
Бұл нәтижемен қазақстандық параволейболшылар әлем кубогінде үздік үштіктің қатарына енді және 2028 жылы Жазғы Паралимпиада ойындарына (Лос-Анджелес) қатысу үшін маңызды рейтингілік ұпайларға ие болды.
Топтық кезеңде Қазақстан құрамасы Таиланд параволейбол құрамасын 3:0 (25:15, 25:8, 25:14) есебімен ұтқан. Ал жартылай финалда Мысыр параволейбол құрамасына 0:3 (12:25, 23:25, 18:25) есебімен есе жіберген еді.
Фото: ҚР Пара волейбол федерациясы